Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысы әкімінің екі орынбасары тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Серік Қожаниязов - облыс әкімінің бірінші орынбасары, Нұрымбет Сақтағанов облыс әкімінң орынбасары қызметіне келді.
Серік Қожаниязов 1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Кузбасс политехникалық институтын инженер-механик және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін экономист мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Қызылорда жөндеу-механикалық зауытында инженер-технолог ретінде бастаған.
2001-2004 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының индустриялық даму бөлімінің меңгерушісі, 2005-2007 жылдары Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры, 2007-2008 жылдары Қызылорда қаласының әкімі қызметтерін абыроймен атқарған.
2008-2014 жылдары Премьер-министр кеңсесінің ұйымдастыру жұмысы және өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі болды.
2014-2019 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі лауазымдарын атқарды.
2019-2021 жылдары Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып қызметін, 2021 жылдың қаңтар айынан осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болды.
Ал Сақтағанов Нұрымбет Аманұлы 1970 жылы дүниеге келген.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеттерін педагогика, заңтану, экономика мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы №172 орта мектепте мұғалім ретінде бастаған.
Әр жылдары мемлекеттік қызметте, соның ішінде кеден органдарында жауапты басшылық қызметтерді атқарған.
2007-2012 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Сыртқы инвестиция көздерін жоспарлау бөлімінің бастығы, аталған министрдің кеңесшісі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Миграция комитеті төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы.
2012-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының және Семей қаласының әкімі қызметтерін абыроймен атқарған. 2021 жылдың ақпан айынан бастап осы кезге дейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі болды. Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысы табиғи ресурстар басқармасының басшысы тағайындалды.