Өңірлік хабтар өз аймақтарында инновациялық жобаларды әзірлеумен, IT-саладағы кадрларды оқыту және даярлаумен айналысады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сондай-ақ олар жергілікті IT-қауымдастықтарды – стартаптар, инвесторлар, тәлімгерлер қауымдастығын құрады, оған барлық мүдделі тұлғалар қосыла алады. Стартап жобаларды әзірлеу кезінде инкубациялық кезеңде кәсіпкерлікке оқыту, инвестицияларды тартуға көмек көрсету, қаржылық есеп және PR қолдау көрсетіледі.
IT сала - қазіргі әлемдегі ең перспективалы және қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Сондықтан Astana Hub мақсаты - биыл бүкіл ел бойынша аймақтық хабтар ашу. Бұл идеяны алғаш боп қолдаған БҚО мен Қызылорда облыстарына ризашылығымызды білдіреміз. Қазақстандықтардың әлеуеті зор деп есептейміз, сондықтан біздің отандастарымыз еліміздің немесе әлемнің кез келген жерінен өз жобаларын дамыта алатындай етіп жағдай жасау керек, - деді Astana Hub басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.
Astana Hub серіктестігі аясында аймақтық IT-хабтарда Idea Battle және Startup Talapker стартаптар байқауы өткізіледі, сондай-ақ идея кезеңінде және өнім жасау сатысындағы стартаптарға арналған инкубациялық бағдарламалар, технопарктің барлық білім беру және бизнес бағдарламалары ұсынылады.
Біздің өңірлік хабымыз Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бизнес-инкубаторы мен облыстың ақпараттық технологиялар орталығының базасында ашылды. Мақсатымыз – өз ісін ашып, стартап жобаларын дамытқысы келетін, бірақ мүмкіндігі жоқ жергілікті жастарға қолдау көрсету. Жақын арада облыста Smart city Hackathon, Pecha Kucha Night, Innofest Kyzylorda шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, - дейді Kyzylorda Hub өкілі Жанарыс Түбекбаев.
Сонымен қатар аймақтарда бастапқы деңгейдегі стартапшыларға арналған Startup School онлайн оқуы, кодты қолданбай-ақ ІТ-өнімдерді әзірлеу дағдыларын дамытуға арналған No Code курсы және Startup Academy технологиялық кәсіпкерлік бағдарламасы бар. Сондай-ақ әртүрлі офлайн және онлайн кездесулер, оқу мен тренингтер өткізіледі, онда табысты IT-кәсіпкерлер IT, сату, стратегия және маркетинг туралы айтып, тәжірибелерімен бөліседі.
Біз екі митап өткіздік - 9 және 14 сәуірде. Кездесуге IT саласындағы мықты спикерлер, сондай-ақ өз стартабын ашқан кәсіпкерлер қатысты. Мәселен, Anthill стартапының негізін қалаушы Нұрболат Аманғалиев қала менеджментін ұйымдастыру және IT-технологияларды дамыту тақырыбын талқылады. 140 адам қатысқан шара өте қызықты өтті. Жақында Google Developer Groups бағдарламалары бойынша мастер-класс ұйымдастырамыз, - деді Jaiq Hub өкілі Омарбек Тәшім.
Өңірлік IT-хабтар жетекші әлемдік компанияларда тәжірибесі бар және Қазақстанның IT-индустриясын дамытуға үлес қосуға ұмтылған 4 мыңнан астам қазақстандық дарынды мамандарды қамтитын Digital Nomads-пен ынтымақтаса жұмыс істеуде. Digital Nomads – қазақстандық ІТ-мамандардың жаһандық қауымдастығы, оның негізін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қалады.