Кызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтағы әуежайды басқару жөніндегі вьетнамдық инвестормен не себепті келісімге келмегенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Қорқыт Ата» әуежайы 2024 жылдан бері жұмыс жасап тұр. Осыған дейін әуежайды басқаруда вьетнамдық Sovico Group компаниясы қызығушылық танытып, келіссөздер басталғаны туралы ақпарат тараған еді. Бірақ бүгін әкім ұсыныстан бас тартылғаны туралы мәлімдеді.
Бізді олардың ұсыныстары қанағаттандырмады. Қазір әуежайдың қарызы жоқ. Табысы әзірге көп болмаса да, өзі табыс тауып, өзін-өзі ақтап отыр. Вьетнамдық инвестор субсидия түрінде қосымша қаржыландыру сұрады, біз бұны тиімсіз деп есептедік, – дейді әкім.
Сондай-ақ ол басқа инвесторларды іздеу туралы шешім қабылданғаны туралы айтты.
Біз үшін жобаның, ең алдымен, мемлекетке тиімді болғаны маңызды. Әуежай қарызсыз және өзін-өзі ақтап отырған жағдайда, оны субсидия бере отырып басқаға тапсыру – орынсыз, – деп атап өтті ол.