Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Қызылағаш қайталанбай ма?": Жетісуда үш ірі су қоймасы салынады

8 Шілде 2025, 18:33
1571
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Аграрлы өңірде суармалы жерді көбейту үшін су қоймалары ауадай қажет. Одан бөлек тамшылатып суару технологиясын дамыту күн тәртібінде тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құдық қазуға қыруар қаржы керек

Қалай десеңіз де, суармалы егістік – аграрлы аймақтың болашағының өзегі болып қала береді. Енді қараңыз, Жетісуда игерілмей жатқан жер көп, оның басым бөлігі жайылымдық жер деп алайық, алайды сол жердің дені егістікке әбден падалануға болады. 

Бірақ, суармалы емес, манайында өзен-көл жоқ, арнайы құдық қазуға шағын шаруалардың шамасы жетпейді. Бұл мәселені қалай шешеміз? Бүгін осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбітсек...

Жетісу – ежелден егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытқан, табиғи-климаттық әлеуеті жоғары аймақ. Алайда климаттың өзгеруі, су тапшылығының артуы және жауын-шашын мөлшерінің азаюы — өңірде бұрыннан қалыптасқан аграрлық жүйеге айтарлықтай әсер етуде. Мұндай жағдайда суармалы егістік алқаптарын қалпына келтіру мен кеңейту – уақыт талабы. Мәселен, мен бос жатқан жерге былтыр қызылша егу үшін, құдық қаздырдым. 3 құдық қазу үшін миллиондаған қаржы жұмсадым. Оны қазақтар қаза алмайды, қытайлық технологияның арқасында су шықты. Арнайы трансформатор орнаттық. Жанымызда өзен жоқ, су тартып алатын. Амалсыз құдық қазып, тамшылатып суғарып отырмыз, - дейді шаруа иесі Болат Сейірбаев.

Шынында, су тапшылығы – өнімділікке тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары табиғи ылғалға сену – үлкен тәуекелге айналды. Жаңбыр мөлшері азайған, өзендердің суы тартылған. Егер бұл жағдайда суармалы жүйе болмаса, диқандардың қолындағы жер қуаң далаға айналуы мүмкін. Суармалы егіс – тұрақты өнім алудың кепілі.

Жетісу – жүгері мен қант қызылшасының отаны. Бұл дақылдар мол су талап етеді. Егер біз осы салаларда өнім көлемін сақтап қалғымыз келсе, суармалы инфрақұрылымның жаңартылуы – міндет. Тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларының енгізілуі өнімнің түсімділігін едәуір арттырады. Суармалы егістік дамыса – ауылдағы халық табыс табады, техниканың тозығы жетпейді, жастар қалаға ағылмайды. Бұл – демографиялық тұрақтылық пен ауылдың тіршілігі, - дейді агроном Әділбек Еменов.

Оның айтуынша, қант қызылшасы, көкөніс, жүгері, мал азығы – мұның бәрі суармалы жүйемен тиімді өндіріледі. Өнім сапалы болса – сұраныс жоғары, яғни шаруалар табысты болмақ. Сондай-ақ экспорттық әлеует те артады

Су – тек тіршілік емес, үлкен саясат көпірі. Қазіргі таңда трансшекаралық өзендер – халықаралық келісімдер мен геосаясаттың негізі болып отыр. Бұл тақырыпта Жетіс өңірі айналып кете алмайды. Қорғас, Іле, Талас, Шу секілді өзендерден алынатын суды тиімді пайдалану, ішкі жүйелерді жетілдіру – ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе.

Су қоймалары суармалы егістікті арттыра ма?

Соңғы жылдары суармалы егістікті көбейту үшін тарихы терең өзендердің бойына су қоймаларын салу дәстүрі басталды. Мәселен, алдағы 3-4 жылда Жетісу жерінде ондаған су қоймасы болады. Бұл суару жүйесіне жеңілдік әкелмек. Алайда қарапайым халық су қоймаларының сапасына аса мән беруді сұрап отыр. Қызылағаш оқиға әлі де халықтың жадынан өшкен жоқ.

Жетісуға суармалы егіс ауадай қажет. Бұл – жай ғана ауылшаруашылық міндет емес, бұл – аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрақтылық және экономикалық даму кепілі. Мемлекет тарапынан қолға алынған су қоймаларын салу, каналдарды қалпына келтіру жұмыстары – осы бағыттағы нақты әрі уақтылы қадам. Ендігі мәселе – бұл бастамалар сапалы әрі жүйелі жүзеге ассын. Сонда ғана Жетісу – жайқалған Жетісу күйінде қала береді, - дейді Қызылағаш ауылының тұрғыны Еділбек Маманов.

Жетісудың шығысында, Жаркент өңірінде соңғы жылдары ауылшаруашылығы саласы мен суармалы алқаптарды кеңейту бағытында ауқымды жобалар қолға алынуда. Әсіресе, су тапшылығы жылдан-жылға артып отырған қазіргі кезеңде су ресурстарын ұтымды пайдалану – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында аса маңызды міндетке айналды.

Осы мақсатта Жаркент аумағында Өсек, Тышқан және Қорғас өзендерінің бойында үш ірі су қоймасының құрылысы жоспарланып отыр. Бұл жоба суармалы жерлердің көлемін ұлғайтып, егістік өнімділігін арттыруға жол ашпақ.

Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбековтің айтуынша, су қоймаларының құрылыс жұмыстары арнайы техникалық-экономикалық негіздемелерге сүйене отырып жүргізілетін болады. 2023 жылдан бастап бұл құжаттарды әзірлеуге облыстық бюджеттен 67,7 млн теңге бөлінген. Ал жобалардың жалпы құны – 100,3 млрд теңге. Су қоймаларының жиынтық сыйымдылығы – 35 млн текше метр. Оның ішінде 15 миллионы Өсек, ал Тышқан мен Қорғас қоймалары әрқайсысы 10 миллионнан су жинай алады.

Жобаны жүзеге асыру 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарға енгізілген. Қаржыландыру жағы Ислам даму банкі арқылы шешілмек. Бұл ауданымыздың экономикалық әлеуетін артырады, - дейді М.Сағымбек.

Жобалардың дайындық барысымен танысу үшін өңірге ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері келіп, халықаралық «Достық» су бөлу бекетінде арнайы кеңес өткізді. Бұл бекет арқылы Қорғас өзенінің суы Қытай мен Қазақстан аумақтарына теңдей бөлініп, Басқұншы, Атамекен, Бірлік ауылдық округтерінің 10 мың гектарға жуық егістік алқаптары суарылып отыр.

«Қазсушар» мекемесінің Жетісу облыстық филиалының басшысы Саят Құдайбергеновтің айтуынша, Қорғас су қоймасы Алмалы ауылының батысындағы Қарабастау сайында бой көтермек. Аумағы – 37,3 гектар, бөгеттің биіктігі – 50 метр, ал құрылыс құны – 56,2 млрд теңге. Бұл су қоймасы 1268 ауыл шаруашылығы субъектісінің 14 119 гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жүгері түсімі гектарына 70-80 центнерге дейін артады деп күтілуде.

Таулы шатқалдағы қуатты су қоймалары. Өсек өзені бойындағы су қоймасы Бетағаш шатқалында салынады. Аумағы – 66,87 гектар. Бұл жоба 1745 ауылшаруашылық тауар өндірушінің 21 810 гектар алқабын сумен қамтиды. Құрылыс кезеңінде 150 адам, кейін 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Құрылыс құны – 23,1 млрд теңге. Тышқан өзеніндегі су қоймасы Сарыбел ауылының маңындағы Байқатын теліміне орналастырылады. Аумағы – 64,8 гектар. Бұл жоба 335 шаруашылықтың 6048 гектар егістік жерін суаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 731 гектар жаңа суармалы жер айналымға қосылады. Құрылыс құны – 17 млрд теңгеден асады, - дейді Саят Құдайбергенов.

Депутаттар тарапынан жобалық-сметалық құжаттамаларды пысықтап, қаржыландыруды облыстық бюджет есебінен нақтылау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар ішкі шаруашылық арналары мен «Қазсушар» қарамағындағы тозығы жеткен каналдарды жөндеуге басымдық беру қажет екені де көтерілді.

Тамшылатып суару таптырмас тәсіл

Тамшылатып суару технологиясы енді-енді шаруалардың санасына сіңіп келеді. Қымбат болса да технологияны орнатып алған шаруа иесі, шығынын екі есе азайтып, өнімін 4 есе көбейте алады. Тіпті 10 есе көбейтіп алған шаруалар да бар.

Қазіргі уақытта тамшылатып суару таптырмас тәсіл болып тұр. Оны орнату 5-10 млн көлемінде қаржы кетеді. Бірақ шығынын ақталады, - дейді кәсіпкер Пернебек Өтеубаев.

Басқұншы ауылындағы «Айгерім» шаруа қожалығы жүгері алқаптарын толықтай тамшылатып суару әдісіне көшірген. Қожалық басшылығы өнімді өткізуде кедергілер барын айтты. Бұл мәселе де депутаттармен басқосуда жеке қаралды. Сонымен қатар, тозығы жеткен бетон каналдарды жөндеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Сенатор Закир Кузиев Панфилов ауданында су қоймаларынан бөлек, туризм слаласында дамытуды ойлаған жөн екенін жеткізді.

Өңірде туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар. Қорғас, Тышқан, Өсек өзендерінің бастауы саналатын тау шатқалдарында – Қазанкөл, Алмалысу, Ойжайлау, Қорғас арасан сияқты көркем табиғи орындар бар. Алайда шекаралық шектеулер саяхатшылардың еркін қозғалысына кедергі келтіріп отыр, - дейді сенатор.

Жалпы, біздің бір түсінгеніміз үш өзен бойындағы су қоймаларының салынуы Жетісу өңірінде ауылшаруашылықты дамытуға тың серпін бермек. Бұл тек су тапшылығы мәселесін шешіп қоймай, мыңдаған гектар жаңа жерді игеруге, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, тіпті туризм саласын жандандыруға жол ашады. Су – тіршілік көзі. Ендеше осы бастамалар алдағы уақытта облыс экономикасының да басты қайнар көздерінің бірі болары сөзсіз.

Өзгелердің жаңалығы