Соңғы күндері "Нильс" дауылына байланысты Францияның Жиронда және Ло-и-Гаронна департаменттерінде қызыл деңгейдегі дабыл режимі күшінде қалып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu-ға сілтеме жасап.
Францияның метеорологиялық агенттігі ел аумағында жалғасып жатқан «Нильс» дауылы жөнінде ресми мәлімдеме жасады.
Хабарламада елдің негізінен оңтүстігі мен батысында орналасқан 21 департаментте сары деңгейдегі қауіп жарияланғаны, ал Жиронда мен Ло-и-Гароннада 11 ақпаннан бері су тасқыны қаупіне байланысты енгізілген қызыл деңгей сақталып отырғаны айтылған.
Жергілікті БАҚ дерегінше, Ло-и-Гаронна департаментіндегі Эгийон коммунасында су басу қаупіне байланысты алдын алу шарасы ретінде мыңнан астам адам эвакуацияланған. Сонымен қатар елді мекендегі үйлердің 95 пайызында электр жарығы өшкен.
Франциядағы электр желілерін пайдалануға және қызмет көрсетуге жауапты Enedis компаниясы 45 мың үй жарықсыз қалғанын хабарлады.
Шамамен бір аптадан бері жалғасып жатқан дауыл салдарынан кейбір департаменттерде жолдар бүлінген, бірқатар тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды су басқан.