Қызметкерлердің еңбекақысы әрқилы. Депутат су шаруашылығындағы проблемаларды айтты

25 Мамыр 2023, 16:15
694
Бөлісу:
Қызметкерлердің еңбекақысы әрқилы. Депутат су шаруашылығындағы проблемаларды айтты
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Жетісу облысының су шаруашылығы саласындағы проблемалар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы филиалының есебінде 9 су қоймасы, 15 су торабы мен бөгет, сондай-ақ 5000 шақырымнан астам магистральдық, тарату арналары мен коллекторлық-дренаж желісі бар. Оның ішінде 3 нысан апатты жағдайда тұр.

Жетісу облысының Ескелді ауданындағы Қаратал өзеніндегі су тарту бөгеті 1976 жылы пайдалануға берілген. Сол уақыттан бері бұл нысанға күрделі жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп бағаланады. Тозғаннан бөгеттің кейбір құралдары істен шығып, астында шұңқырлар пайда болған. Бұрандалы көтергіштердің электр жабдығы тозған, ауыстыру қажет. Қызметтік көпір күрделі жөндеуді қажет етеді. Су тасқыны кезінде жоғарғы арнадан келетін су тасқыны бөгетінің торлары шайылып кеткен, - деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, «Ақешкі» және «Тентек» су нысандарындағы жағдай да ұқсас. Депутат бұл саладағы техникалық проблемалар ғана емес, кадрлық мәселелерге де назар аударды. Каналға қызмет көрсету үшін норматив бойынша кадрлар саны 970 болуы керек. Ал іс жүзінде қазір 293 адам жұмыс істейді. Депутаттың айтуынша, қызметкерлердің еңбекақысындағы жағдай әрқилы болып отыр.

Мысалы: бірыңғай тарифпен қаржыландырылатын объектілеріндегі су беруді реттеушілердің орташа айлық жалақысы 85 870 теңгені құрайды. Жұмыс айларының ұзақтығы жылына 4-8 ай, яғни кадрлар тапшылығы байқалады, арналарға қызмет көрсету кезінде үлкен жүктеме қалған жұмыс істеп тұрған қызметкерлерге түседі. Ал бірдей жұмысты орындаған кезде республикалық бюджеттен қаржыланатын су объектісінде реттеушілердің жалақысы 141 931 теңге. Су шаруашылығының стратегиялық объектілерді қаржыландыру ерекшеліктері әлеуметтік теңсіздікке әкеледі, өндірістік учаскелердің қызметкерлері еңбек жағдайындағы және жалақыдағы айырмашылыққа наразы, - деп атап өтті сенатор.

Ғалиасқар Сарыбаев сөзін қорытындылай келіп, Үкімет басшысынан саладағы жинақталған мәселелерді шешуді сұрады.

Өзгелердің жаңалығы