Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қызмет үстінде қаза: Ақтауда әскери қызметкерді КамАЗ қағып өлтірді

Бөлісу:
 Қорғаныс министрлігі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ақтауда әскери полигоннан қайтып келе жатқан бөлімше құрамындағы келісімшартпен қызмет ететін әскери қызметкерді қызметтік КамАЗ қағып өлтірді. Қайғылы оқиға 14 қаңтарда қолайсыз ауа райы жағдайында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Желіде әскери қызметкердің КамАЗ жүк көлігінің астына түсіп, қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Бұл дерекке ҚР Қарулы күштерінің Құрлық әскерлері баспасөз қызметі түсініктеме берді.

Белгілі болғандай, 14 қаңтарда Ақтау гарнизонына қарасты Оймаша әскери полигонынан бөлімше қайтып келе жатқан кезде жол-көлік оқиғасы болған.

Қолайсыз ауа райы жағдайында, жолдың көктайғақты болуына, көрінудің шектеулі болуына және түнгі уақытқа байланысты КамАЗ автокөлігі келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскери қызметкерді, кіші сержант Г.-ны қағып кеткен, – делінген ведомство хабарламасында.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, алған жарақаттарының салдарынан әскери қызметкер оқиға орнында көз жұмған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Қарулы Күштер қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметкердің туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады, – деп атап өтті ведомство.

Сондай-ақ марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетілетіні хабарланды.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласында 6506 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі қаза тапқаны туралы хабарланған болатын.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан марқұм мерзімді әскери қызметшісі Данияр Амалбековтың қаза табуына байланысты, отбасының әскери құрылымдар тарапынан қысым көрсетілгені жөніндегі мәлімдемелері аясында ресми түсініктеме берді.

Өзгелердің жаңалығы