Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Амангелді ауданында «Айналдым сенен, атамекенім» атты облыстық қызғалдақ фестивалі басталды. Іс-шара бағдарламасында қонақтар қолөнер көрмесін, ұлттық ойындар мен айтысты тамашалап, киелі орындармен танысады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлттық құндылықтарды дәріптеу жөнінде айтты. Бүгінгі фестиваль осы бағытта ұйымдастырылып отыр. Кеше Қостанай қаласында өткен аймақтық туристік көрмеге қатысқан қонақтарымызды да осы шараға арнайы шақырдық. Мұндағы мақсат – оларға Амангелді ауданының туристік әлеуетін көрсетіп, құндылықтарымызды насихаттау», - деді Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Қонақтар ауданға кіре берісте қымыздың жасалу әдісін тамашалап, ұлттық тағамнан дәм татты. Одан соң көрмені аралап, аңшаңқан киіз үйлерге бас сұқты.
Көрмеде өңірге танымал шеберлердің қолынан шыққан ат әбзелдері, зергерлік бұйымдар, теріден жасалған заттар, сондай-ақ, жергілікті музейдегі тарихи жәдігерлер қойылған.
Қазақ күресінен өтіп жатқан «Амангелді барысы» турниріне жүзден астам палуан тіркелген. Ал оннан астам мекеме киіз үйлердің безендірілуі жөнінен өзара жарысқа түсуде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің екі негізгі ерекшелігі бар. Біріншісі – 500 домбырашы күй ойнаса, екіншісі – жүзден артық бала батпырауық ұшырады.
Іс-шараның түстен кейінгі бағдарламасында ақындар айтысы, ұлттық ат спорты ойындары мен қызғалдақ түріндегі киімдер сайысы жоспарланған.