Батыс Қазақстан облысында лауазымды тұлға кәмелетке толмаған қызды зорлады деген айыппен ұсталды. Кәмелетке толмағанға қатысты зорлық-зомбылық 2 қаңтарда болған, алайда күдікті әлі күнге дейін қамауға алынбаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік қызметте жоғары лауазымға ие 57 жастағы ер адам қылмыс жасады деп күдіктелуде.
Қыздың әкесінің айтуынша, 2 қаңтарда ер адам кәмелетке толмаған қызды алдап, үйіне алып барған және онда шенеунік оған қатысты зорлық-зомбылық жасаған. Жәбірленуші қыздың әкесі полицияға жүгінгеннен кейін күдікті ұсталған.
Ол барлығын мойындады. Қызым оны таныды. Бірақ полиция оны үйіне қайтып жіберді. Ал маған оның өзі телефон арқылы қоңырау шалып, қорқытты, – дейді қыздың әкесі.
Ол полиция қызметкерлерінің бұл іске салғырт қарап жатқанына шағымдануда.
Қылмыстық іс Шыңғырлау ауданының полиция бөлімі тарапынан Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағы бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.
Шыңғырлау ауданының Полиция департаменті болған жағдайға қатысты редакциямызға түсініктеме берді.
Осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс Шыңғырлау ауданының полиция бөлімі өндірісінде және іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу барысы туралы мәліметтер жария етілмейді, - деп хабарлады аудандық ПД баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, күдіктіге қатысты "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері кешені жүргізілгеннен кейін шешіледі.
Іс Полиция департаменті басшылығының бақылауында, – деді полицияда.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе облысында келінін зорлаған ер адам 8 жылға сотталды.