АҚШ-та 40 жылдан астам уақыт бойы ашылмай келген қылмысқа нүкте қойылуы мүмкін. Анасының өлімі үшін әкесін айыптаған Элисон Гальвани көпжылдық күрес нәтижесінде істі қайта тергетіп, 81 жастағы күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Independent басылымына сілтеме жасап.
1982 жылғы тамызда 36 жастағы Нэнси Гальвани Сан-Франциско шығанағынан өлі күйінде табылған. Оның денесі ұйықтауға арналған қапқа салынып, бетон блокқа байланған, ал денесінен буындыру белгілері анықталған. Полиция сол кезде негізгі күдікті ретінде оның күйеуі Патрик Гальваниға назар аударған.

Жұп ажырасу процесінде жүргендіктен, ер адамның қылмысқа қатысы барын меңзейтін жанама айғақтар болған. Алайда тікелей дәлелдер жеткіліксіз болғандықтан, іс сотқа жетпей тоқтатылған. Осылайша Патрик Гальвани ондаған жыл бойы бостандықта жүрген.
Нақты өзгеріс тек биыл, 2025 жылдың қарашасында басталды. 81 жастағы Патрик Гальвани қызының ұзақ жылдар бойғы табандылығы нәтижесінде қайтадан қамауға алынды. Марқұмның қызы Элисон Гальвани жасөспірім кезінен бастап анасының өліміне әкесінің қатысы бар екенін дәлелдеуге күш салған.
Ол полицияға қайта-қайта өтініш жасап, жеке детектив жалдаған. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде әкесін әшкерелеу және істі қайта тергеуге шақыру бағытында кампания жүргізіп келген. Осы еңбектің арқасында тергеушілер жаңа айғақтар мен куәгерлерді анықтап, істі қайта жандандырған.
Элисонның табандылығы полицияны істі қайта қарауға мәжбүрледі. Ол анасын әділетке жеткізу үшін тоқтаусыз күресті, - деп атап өтті аймақ прокуроры Стив Вагстафф.
Күдіктінің адвокаты клиентінің кінәсіз екенін айтады. Сот процесі аяқталғанға дейін Патрик Гальвани қамауда қалады.