Қытаймен шекаралық бақылау саласындағы ынтымақтастық нығаяды

2 Тамыз 2022, 15:25
1599
Бөлісу:
Қытаймен шекаралық бақылау саласындағы ынтымақтастық нығаяды

Заңсыз көші-қонның жолын кесу мәселелері бойынша Қазақстан мен Қытайдың құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрінің орынбасары, Көші-қон істері жөніндегі мемлекеттік басқарманың басшысы Сюй Ганьлумен кездесті.

Кездесу барысында көші-қон және шекаралық бақылау саласындағы екіжақты ынтымақтастық, оның ішінде БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия - Қытай» диалогы сияқты көпжақты құрылымдар шеңберіндегі мәселелер талқыланды.

Екі ел азаматтарының тепе-теңдік негізде өзара сапарлары үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында көрсетілген салалардағы ынтымақтастықтың шарт-құқықтық базасын жетілдіру тақырыбына ерекше назар аударылды. Сонымен бірге заңсыз көші-қонның жолын кесу мәселелері бойынша Қазақстан мен Қытайдың құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Шархат Нұрышев Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінің, сондай-ақ «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының тиімді жұмыс істеуінің маңыздылығына сұхбаттасушының назарын аударды. Тараптар COVID-19 індетіне байланысты қолданыстағы карантиндік шектеулерді ескере отырып, екіжақты тауар айналымын одан әрі үдемелі арттыру мақсатында Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін ұлғайту және олардың жұмыс режимін өзгерту мүмкіндігін қарастыруға келісті – делінген хабарламада.

Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрінің орынбасары екі елдің ортақ мүдделерін қорғау, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қауіпсіздіктің өңірлік және жаһандық сын-қатерлеріне бірлесіп ден қою қажеттігіне назар аударды.

Сюй Ганьлу Қазақстан Үкіметінің елдер арасындағы адами алмасуды жандандыру үшін қабылдап жатқан шараларына жоғары баға берді және қытайлық тараптың ҚР азаматтары үшін визалық және көші-қон режимін ырықтандыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін білдірді.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі мен ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі, оның ішінде Көші-қон істері жөніндегі мемлекеттік басқарма арасындағы тығыз өзара ықпалдасуды жалғастыруға уағдаласты.

Айта кетейік, ҚХР ҚҚМ Көші-қон істері жөніндегі мемлекеттік басқармасы 2018 жылы сәуірде құрылды. Оның негізгі функциялары көші-қон саясатын қалыптастыру және оны іске асыру, елге кіру және шығу мәселелері, азаматтық мәселелері, шекара маңындағы аумақтарда адам алмасуды басқару, шетелдіктердің уақытша және тұрақты тұру сұрақтары, босқындар мәселелері, сондай-ақ көші-қон саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.

Өзгелердің жаңалығы