Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И Қазақстанға ресми сапармен келді.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қытайлық әріптестерімен келіссөздер жүргізгеннен кейін БАҚ-қа бірлескен мәлімдеме жасады.
Нұртілеу Қазақстан мен Қытай тату көршілер, дәстүрлі достар және мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестер екенін атап өтті.
Соңғы жылдарда екіжақты әріптестігіміз кез келген сынаққа төтеп беретін берік иммунитетті қалыптастырды, ал сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз екпінді түрде кеңейіп келе жатыр. Ресми орталарда біз оған «жаңа алтын 30 жылдық» деп айдар тақтық, - деді СІМ басшысы БАҚ-қа жасаған мәлімдемесінде.
Мұрат Нұртілеу атап өткендей, екі ел үкімет, заң шығарушы органдар және өңірлер деңгейіндегі байланыстары ұдайы нығайтып келеді. Ол Ван И мырзаның Қазақстанға ресми сапары стратегиялық серіктестігімізді одан әрі бекіте түсуге сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді.
Бүгінгі сапар, сондай-ақ мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер ерекше мәнге ие. Қадірлі әріптесім Ван И мырзамен, екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі бірқатар өзекті де маңызды тақырып бойынша жан-жақты пікір алмастық. Аумалы-төкпелі заман мен сын-қатерлерге қарамастан, Астана мен Бейжіңнің негізгі халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас екеніне назар аударған орынды, - деп айтты министр.
Кездесуде екі елдің Сыртқы істер министрлері Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, «Орталық Азия-Қытай» форматы аясындағы іс-әрекеттестікті белсенді жалғастыруға барша күш-жігерді жұмсап, халықаралық бастамаларды өзара қолдауға келісті.