Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігі өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін ҚХР нарығына экспорттау мәселелері, соның ішінде фитосанитариялық талаптарды сақтау және оларды қолдану тетіктері жан-жақты талқыланды.
Қазақстан тарапы Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы тарапынан инспекциялық қызметті жандандырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл Қытай нарығына экспорттауға рұқсат етілген өңірлер мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Экспорт ауқымының ұлғаюы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, жеткізілім көлемін арттыруға ықпал ететіні айтылды.
Отандық компаниялар мен уәкілетті мемлекеттік органдар қолданыстағы рәсімдер аясында инспекциялар жүргізуге және барлық қажетті ақпаратты ұсынуға дайын екендерін растады.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара түсіністік пен іскерлік әріптестікті жалғастыруға ниетті екенін білдіріп, көтерілген барлық мәселелер бойынша бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыруға келісті.