Қытайда Яги тайфуны сағат сайын үдеп барады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жойқын дауыл салдарынан 4 адам ажал құшты. 95 мың тұрғын ауруханаға түскен. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, энергетика мен көлік саласына орасан зор шығын келді. Ел билігі халықты қауіпсіз жерге эвакуациялап, құтқару жұмыстарына қосымша күш тартып жатыр. Теңіз дауылы бірнеше провинция мен оннан астам қаланың тас-талқанын шығарды. Қазіргі уақытқа дейінгі ресми мәліметке сәйкес 4 адам көз жұмды. Із-түзсіз кеткендер де бар. 526 мың адам зардап шеккен. Бір ғана Вэньчан қаласында 25 мың үйдің күл-талқаны шықты. Аймақ, қалааралық жолдардың үштен бір бөлігі бүлінді. Электр бағандары түбімен қопарылып 792 станция істен шықты.
Бір ғана Хайнань провинциясының өзінде 19 қалада жарық жоқ. Байланыс үзілген. Қазір уақытша генераторлар қойылып жатыр. Кейбір елді мекендерде қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. Алайда дауыл қайта соғуы қаупі бар. Кейбір уезд тұрғындарына ауызсу жеткізу шаралары ұйымдастырылуда, - дейді Вэньчан қаласы мэрінің орынбасары Вэй Бо.
Аймақтың метеорологиялық қызметінің ауа райы болжамына қатысты мәліметтері сәйкес болмай шықты. Дүлей дауылдың зардабы 2014 жылы болған тайфуннан да асып түсті. Әні-міні өнім жинаймыз деп отырған дихандардың алқаптарын су шайып, тып-типыл еткен. 18 мың гектар дәнді-дақыл, мың гектардан астам алқаптағы банан желге ұшты. Сонымен қатар жел және күн электр станцияларына айтарлықтай зақым келді.
Табиғи апаттың мұндай жойқын боларын күткен жоқпыз. Шығын орасан. Көлемін шетінен есептеп жатырмыз. 142 мың түп ағаш қирады. 107 мың тұрғын үй жарықсыз отыр. Бүлінген ғимараттарда санақ жүргізілуде. Салдарын жою жұмыстарына 61 мың жұмысшы жұмылдырылды. Алты мыңнан астам техника тартылды. Құтқарушылар жетпей жатыр, - дейді Пан Шаоли, Хайнань провинциясының төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма басшысы.
Алдын ала есеп бойынша шығын көлемі 112 миллион АҚШ долларына жетті. Елдің оңтүстік бөлігінде қауіптің қызыл деңгейі жарияланды.