"Қытайдан алмаймыз". Трамп Қытайдың жанды жеріне соққы берді

14 Сәуір 2025, 11:49
1993
Бөлісу:
"Қытайдан алмаймыз". Трамп Қытайдың жанды жеріне соққы берді
Фото: realdonaldtrump

АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы аптада Қытайдан келетін жартылай өткізгіштерге (чиптерге) арнайы тариф енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.

Келесі аптада Қытайдан импортталатын жартылай өткізгіштерге тариф жариялаймын, - деді Ақ үй басшысы жексенбі күні журналистерге берген сұхбатында.

Ол жаңа тарифтерден смартфондар мен компьютерлер уақытша босатылатынын, бірақ бұл жеңілдік ұзаққа созылмайтынын айтсды. Президенттің сөзінше, басты мақсат — аталған саланы АҚШ аумағында дамытып, өндірісті ел ішінде шоғырландыру.

Біз өндіріс үдерісін оңтайландырғымыз келеді. Чиптер, жартылай өткізгіштер және басқа да өнімдерді өз елімізде өндіруді қалаймыз, - дейді Трамп.

Сондай-ақ ол бұл саладағы кейбір компанияларға икемді шарттар ұсынылатынын атап өтті.

Еске салайық, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы биылғы 2 сәуірде басталды. Дональд Трамп әлем елдеріне қарсы ауқымды кедендік баж салығын енгізетінін жариялағаннан кейін, Қытай да жауап ретінде қарсы тарифтер енгізді.

Нәтижесінде екі ел арасындағы өзара кедендік салық көлемі 125%-ға жетті. Бұған қоса, АҚШ Қытайды синтетикалық есірткілерге қарсы тиісті шара қолданбады деп айыптап, қосымша 20% баж салығын енгізген еді. Өз кезегінде Қытай сирек кездесетін металдарды экспорттауға шектеу қойды.

Өзгелердің жаңалығы