Алматыда болған жер сілкінісінің эпицентрі Қытайда. Қытай жер сілкінісі желілері орталығы 7,1 балдық жер сілкінісі болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қытай жер сілкінісі желілері орталығының (CENC) хабарлауынша, сейсенбі күні (Бейжің уақытымен) таңғы сағат 02:09-да Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Ақсу префектурасының Уши ауданында 7,1 балдық жер сілкінісі болды.
Тереңдігі 22 шақырым болатын жер сілкінісінің ошағы солтүстік ендіктің 41,26 градусында және шығыс бойлықтың 78,63 градусында бақыланды, - деп хабарлады CENC.
Алдын ала мәлімет бойынша, жер сілкінісінің ошағы Қытай мен Қырғызстан арасындағы таулы аймақтағы Уши округіндегі елді мекенде болған.
Шыңжаң жер сілкінісі агенттігінің хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Уши округінен шамамен 50 шақырым жерде. Ондағы бес ауыл жер сілкінісі ошағынан 20 шақырым радиуста орналасқан.
Жергілікті ақпарат көздерінің хабарлауынша, эпицентрде бірнеше тұрғын үй мен мал қоралары опырылып, кейбір малшылар жеңіл жарақат алған. Сейсенбі күні таңғы сағат 4-тегі жағдай бойынша, аймақта магнитудасы үш немесе одан да жоғары 14 жер сілкінісі тіркелді, ең күштісі 5,3 баллға жетті, - деп жазды Синьхуа.
Теміржол басшылығы жер сілкінісінен кейін жедел әрекет етуді бастады, жолаушылар пойыздарын тоқтатып, теміржол рельстерін, көпірлерді, сигналдық құрылғыларды және зардап шеккен аудандардағы басқа да нысандарды тексерді.
Жер сілкінісінен кейін көп ұзамай аймақтың кейбір бөліктерінде электр қуаты уақытша үзілді. Бірақ кейін ол бірте-бірте қалпына келтірілді.
Жер сілкінісі Шыңжаңның әртүрлі қалалары мен префектураларында, соның ішінде Үрімжі, Хотан және Қашқарда да сезілді. Облыс орталығы Үрімжі тұрғындары дүмпуді тіпті 17-қабатта да сезінгенін хабарлады.
Шыңжаң өлкелік өрт сөндіру және авариялық-құтқару бөлімінің мәліметінше, апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлығы 182 көлік, 800 адам және 32 ит дайын күйге қойылды.
Бүгін Алматыда 23 қаңтар түнгі cағат 00:09 шамасында жер сілкінді.
ТЖМ Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты ресми мәлімдеме жасады.