19 наурыз күні Қытайдағы Қазақстан азаматтары үш сайлау учаскесінде дауыс бере алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Халық» онлайн газеті хабарлағандай, Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде баспасөз мәслихатын өткізіп, жергілікті БАҚ өкілдеріне алда өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау туралы ақпараттарды бөлісті.
Іс-шара барысында Қазақстанның елшісі қытайлық тілшілерді ағымдағы сайлау науқаны барысымен, ҚР сайлау жүйесінің ерекшеліктерімен, сондай-ақ жалпы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалармен жан-жақты таныстырды.
Мәжіліс және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. ҚХР-да тұратын Қазақстан азаматтары 2023 жылы 19 наурызда Бейжің уақыты бойынша сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін Қазақстанның Қытай аумағында дипломатиялық және консулдық мекемелер жанында орналасқан 3 сайлау учаскелерінде дауыс бере алады. Бейжің, Шанхай және Сянганда орналасқан, - деді ол.
Нұрышевтің айтуынша, алдымен Президент сайлауын, одан кейін мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізу бізге елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен стратегиялық міндеттерін шұғыл шешуге мүмкіндік береді.