28 және 29 наурызда Бейжіңде Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуы өтеді. Бұл туралы BAQ.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
2024 жылдың Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланғаны Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы Қытайға ресми сапары барысында белгілі болды.
Бүгін Бейжіңге Қазақстанның ресми делегациясы келіп жетті. Оның құрамында Премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ әкімдіктердің, Kazakh Tourism ұлттық компаниясының, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері мен 150-ден астам мәдениет қайраткері бар, - деп жазылған мәліметте.
Жылдың ашылуы аясында бірқатар іс-шара өтеді. Олар Туризм және инвестицияларды дамыту бойынша Қазақстан-Қытай форумы, Қазақстан облыстарының көрмесі, этноауылдағы мәдени іс-шаралар, сонымен қатар гала-концерт. Ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі.
Айта кетейік, форумға қатысушылар Қазақстанның 17 облысының стендтерін тамашалай алады. Онда әрбір өңірдің туристік нысандары көрсетілген.
Сондай-ақ форум аясында туризм саласындағы мемлекеттік органдар мен компаниялардың қатысуымен екі панельдік сессия өтеді. Бірінші сессия «Қытай саяхатшылары үшін Қазақстандағы ұйымдастырылған туризм мүмкіндіктері», екінші сессия «Туристік бизнестегі әріптестік: Қазақстан-Қытай арасындағы инвестициялық мүмкіндіктер». Оған қоса, форум барысында Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мен Messe Frankfurt Asia Holding өкілдері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады.
Өз кезегінде Қазақстан мәдениетін гала-концертте өнер көрсететін артистер таныстырады. Олардың қатарында шығармашылық музыка және би ұжымдары, сондай-ақ Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Майра Мұхамедқызы, Зарина Алтынбаева, «Ұлытау» тобы және басқа да танымал солистер бар. Гала-концертте Қытай өнерпаздары да өнер көрсетеді.
Оған қоса делегаттар тізімінде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, UFC спортшысы Шавкат Рахмонов пен Олимпиада жүлдегері Қанат Ислам бар.