Қытайда қоқыс өртеу арқылы жұмыс істейтін электр станциялары қалдық тапшылығына тап болуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Financial Times басылымына сілтеме жасап.
Басылым дерегінше, тұтынудың баяулауы, халық санының азаюы және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жүйесінің жетілдірілуі салдарынан зауыттарда жанатын қоқыс жетіспей отыр. Нәтижесінде көптеген операторлар энергия тапшылығын сезінуде.
Он жыл бұрын Қытай билігі қалалардағы қоқыс үйінділерін азайту үшін өртеу зауыттарының ауқымды желісін салуға қаржы бөлген еді. Қазір елде мыңнан астам қоқыс өртеу электр станциясы жұмыс істейді.
Уху экологиялық орталығының бас хатшысы Чжан Цзиннингтің айтуынша, қоқыс өртеу қалдық үйінділерін қысқа мерзімде азайтуға мүмкіндік берген.
Қалдықтарды сұрыптау ұзақ уақыт алады, ал Қытайда өртеу зауытын екі жылға жетпей-ақ салып тастауға болады, — дейді ол.
FT дерегіне сүйенсек, Қытайдағы зауыттар күніне 1,1 млн тоннадан астам қоқыс жағуға қауқарлы. Бұл көрсеткіш үкімет қойған жоспардан әлдеқайда жоғары. Енді көптеген нысандар артық қуатқа тап болып, жыл бойы толыққанды жұмыс істей алмай отыр.
Сарапшылар мұндай жағдайды ел халқы санының қысқаруымен, экономикалық өсімнің баяулауымен және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың қатаң ережелерімен байланыстырады.
Айта кетейік, бұған дейін, 12 тамызда South China Morning Post Қытай ғалымдарының ғарыштық қоқысты жоюға арналған жаңа қондырғы жасап шығарғанын хабарлаған болатын. Ол энергияны сіңіретін жабық газ көмегімен жұмыс істейді және түтін шығармай, дыбыссыз іске қосылады.