Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қытай Тибетте әлемдегі ең ірі су электр станциясын салуды бастады

20 Шілде 2025, 08:37
704
Бөлісу:
 AP Photo / Chan Long Hei
Фото: AP Photo / Chan Long Hei

Қытай билігі Ярлунг Цангпо өзенінде, Тибет таулы аймағында әлемдегі ең ірі су электр станциясының құрылысын ресми түрде бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Interfax-ке сілтеме жасап.

Ярлунг Цангпо – Оңтүстік Азиядағы ең ірі өзендердің бірі. Ол Үндістан аумағында Брахмапутра, ал Бангладеште Джамуна деп аталады. Өзен Гангқа құяды, яғни аймақтың су ресурстары мен экологиялық тепе-теңдігі үшін стратегиялық маңызға ие.

Жобаның іске қосылу салтанатына Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян қатысып, нысанның ел үшін маңызын атап өтті. "Power China" құрылыс компаниясының мәліметінше, станция жылына 300 млрд киловатт-сағат электр энергиясын өндіре алады. Бұл – қазіргі әлемдегі ең ірі су электр станциясы саналатын "Үш шатқал бөгеті" ГЭС-тен де асып түсетін қуат.

Гидротехникалық құрылыс құны шамамен 167,1 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр. Электр энергиясы Тибеттен тыс өңірлерге де жеткізіледі, сонымен қатар жергілікті қажеттілікті де қамтамасыз етуі тиіс.

Алайда жобаның геосаяси салдары да жоқ емес. Үндістан билігі өзен ағысының төменгі бөлігіндегі халықтың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, Қытайдан экожүйеге зиян келтірмеуді талап етті. Делидің мәлімдеуінше, ел өз ұлттық мүдделерін қорғауға дайын.

Өз кезегінде ҚХР Сыртқы істер министрлігі бұл жоба төменгі ағыс елдеріне зиян келтірмейтінін мәлімдеп, су ресурстарын пайдалануда ашық диалог жүргізуге дайын екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы