Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестік жылдам дамып жатыр. Бұл туралы Қытай Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Орталық Азия департаменті директорының орынбасары Лю Цзянпин айтты, деп хабарлады Baq.kz тілшісі.
Бейжіңде (ҚХР) Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Орталық Азияға жасаған мемлекеттің сапарының нәтижелеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Қазақстанға қай сала бойынша инвестиция салу ойларыңызда бар? – деп сұрады Baq.kz тілшісі Қытай СІМ өкілі Лю Цзянпин ханымнан.
Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестік жылдам дамып жатқанын атап өтті.
Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестік жылдам дамып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, 2014 жылдан бастап біз өнеркәсіп саласында байланыс орнаттық. Бұл Қытайдың басқа елдермен осы саладағы серіктестігінің негізі болды. Осы бағытта жалпы сомасы 21 млрд долларға 52 жоба жасалды. Бұл Қазақстан индустриясының барлық саласын қамтиды. Сонымен қатар Қазақстанда машина жасау зауыты бар. Бұл Орталық Азиядағы машина жасаудың бірінші желісі, - деп айтты Лю Цзянпин.
Оның айтуынша, инвестиция екі ел келісімге келген салаларға тартылады.
Қытай келісімге келген салаларға инвестиция салуды жоспарлап отыр. Қазір Қытай екі айналымды экономикаға ұмтылып жатыр, сондай-ақ Қазақстанда да өзінің өнеркәсіптік стратегиясы бар. Біз қазақстандық әріптестерімізбен бірге теңдік және өзара тиімді ынтымақтастық негізінде Қазақстанға инвестицияларды ұлғайтуға дайындық жүргізіп жатырмыз, - деп толықтырды ол өз сөзін.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай экономика, сауда, көлік инфрақұрылымы, қаржы, су пайдалану және БАҚ салаларында құжаттарға қол қойғанын хабарлаған болатынбыз.