Астанада өткен 2-ші Қытай–Орталық Азия (C5+1) азаматтық авиация ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобы конференциясында Қытай азаматтық авиация әкімшілігінің Халықаралық байланыстар департаменті бас директорының орынбасары Бай Венли екіжақты және көпжақты әріптестікті нығайту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Қытай мен Орталық Азия елдерінің азаматтық авиация органдары, әуе қозғалысын басқару құрылымдары, әуе компаниялары мен әуежай өкілдерінің басын қосқан жиынды ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс білдірді.
Жуырда Астанада өткен 2-ші Қытай–Орталық Азия саммитінде мемлекет басшылары көлік байланысын нығайтуға, соның ішінде Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тікелей рейстер санын арттыруға уағдаласты. Авиация – Еуразия көлік хабын қалыптастырудағы маңызды тірек, сондықтан ынтымақтастық әлеуеті өте жоғары, – деді Бай Венли.
Оның айтуынша, соңғы бір жылда аймақтық әуе қатынасы қарқынды дамыды. Мысалы, Қытайдан Орталық Азияның бес астанасына да тікелей рейстер ашылған, апталық жолаушылар рейстері саны 151-ге жетіп, бұл 2024 жылмен салыстырғанда екі есе, ал 2019 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанмен әуе қатынасы құқықтары кеңейтіліп, әуе компаниялары үшін қолайлы жағдай жасалды.
.jpeg)
Бай Венли азаматтық авиациядағы серіктестікті одан әрі ілгерілету үшін бес бағытты атап өтті:
- Әуе компанияларының әріптестігін қолдау – бірлескен нарық кеңейту арқылы жолаушылар мен жүк тасымалын арттыру.
- Әуе сапарын жеңілдету – кедендік және транзиттік рәсімдерді оңтайландыру, әуежай қызметін жақсарту.
- Іскерлік ортаны жақсарту – жанармай бағасын төмендету, инфрақұрылымды жаңарту, «ақылды» әуежайларды дамыту.
- Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету – рейстердің қауіпсіз орындалуын қадағалау.
- Техникалық алмасу – ұшу стандарттары мен әуе қозғалысын басқару технологиялары бойынша ынтымақтастықты кеңейту.
Қытай “қытайлық жаңғырту” жолында азаматтық авиацияның барлық саласында Орталық Азия елдерімен жан-жақты ынтымақтастыққа дайын. Ортақ мақсаттарымызға жету үшін нақты әрі нәтижелі қадамдар жасайық, – деп түйіндеді Бай Венли.