Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Үрімші қаласында орналасқан Шыңжаң өнер институтының “Он екі ұйғыр мукамы” атты мәдени павильонында қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптары, соның ішінде домбыра мен қобыз сақталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл аспаптар қазақтың бай музыкалық мұрасын танытуға арналған маңызды жәдігерлер.

Музей қызметкері Филора Фархаттың айтуынша, павильон 5 жыл бұрын ашылған. Ұйғыр қызының музейде қызмет етіп жүргеніне 2 жылдай уақыт болған. Ол бұл салаға Шанхайда оқуын аяқтаған соң келген.

Павильонның басты мақсаты – ұйғыр халқының дәстүрлі “Он екі мұқам” музыкалық мұрасын сақтау және насихаттау. Алайда, мұнда қазақ, қырғыз, тәжік халықтарының да мәдениеті мен өнеріне арналған құнды экспонаттар ұсынылған.

Мұнда шамамен 130-ға жуық музыкалық аспап бар.


.jpg)
Бұл аспаптар Шыңжаң өлкесінің әртүрлі аймақтарынан жиналған және этнографиялық, тарихи маңызы зор жәдігерлер.
.jpg)

Павильонның экспозициясында қазақтың домбырасы мен қыл қобызынан басқа, қырғыздың комузы, тәжік халқының музыкалық аспаптары да бар. Бұл аспаптар халықтардың музыкалық дәстүрлерін, соның ішінде орындаушылық ерекшеліктерін, аспап жасаудың шеберлігін көрсетеді.

Павильон ашылғаннан бері ол тек Қытайдың емес, шетелдік туристердің де қызығушылығын тудырып отыр.

АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Индонезия сияқты елдерден келген қонақтар қазақтың ұлттық аспаптарын қызыға тамашалауда. Бұл мәдени алмасу халықтар арасындағы достықты нығайтуға, мәдениеттің өзара түсінісуіне ықпал етеді.

Шыңжаң өнер институтының “Он екі ұйғыр мукамы” павильоны қазақ халқының музыкалық мұрасын танытуда маңызды рөл атқарып келеді. Бұл жәдігерлер тек Қытайда ғана емес, әлемдік мәдениетте де өз орнын табуда.

Айта кетсек, “Он екі ұйғыр мұқамы” – ұйғыр халқының дәстүрлі музыкасы мен өнерінің күрделі жанрлық жүйесі.

Әр “мұқам” әндер, би элементтері, музыкалық аспаптық орындаулар және поэзияны біріктіреді. Яғни, бұл – біртұтас музыка мен поэзия жүйесі.

Дәстүрлі түрде 12 негізгі мұқам бар, әрқайсысының өз ерекшелігі, музыкалық құрылымы және орындау стилі бар.

Әлемдік деңгейі: 2005 жылы ЮНЕСКО “Он екі мұқамды” адамзаттың ауызша және бейматериалдық мәдени мұрасы ретінде тіркеді.



Еске сала кетейік, қазақстандық БАҚ өкілдері Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының тынысымен танысу үшін осы өңірге арнайы келді. Баспасөз-турын Қазақстандағы Қытай елшілігі ұйымдастырды.