Алматы, BAQ.KZ. Қытай 2035 жылы ғарышта 200 мегаватты күн электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Science and Technology Daily басылымы жазды.
CAST ұйымының ғылыми қызметкері Ван Лидің айтуынша, ғарыштағы электр станциясы күннің планетаға түспейтін энергиясын аулап, өзіне тартып алатын көрінеді. Бұл энергиялар микротолқындарға немесе лазерлі сәулеге айналып, кейін сымсыз желі арқылы Жер бетіне беріледі, - делінген хабарламада.
Ғалымдар бұл электр станциясы жердегі бұрыннан қолданып келе жатқан станцияларға қарағанда тиімді екенін әрі экологияға қауіп төндірмейді деген ойда.
Оның көмегімен спутниктерді электр қуатымен қамтамасыз етуге болады, сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккен аудандарға да электр энергиясын жеткізе алады.
Қытай энергияны сымсыз таратуда бұған дейін де бірқатар маңызды қадам жасаған. Қазір Чунцин қаласында сынақ базасын салып жатыр, онда энергияны сымсыз тарату мүмкіндіктерін зерттейтін болады.