Қытай даму институты Alatau-мен ынтымақтастық орнатады

4 Қараша 2024, 23:18
374
Бөлісу:
Қытай даму институты Alatau-мен ынтымақтастық орнатады
Фото: primeminister.kz

Вице-премьер Қанат Бозымбаев пен Қытай даму институтының вице-президенті Цзянь Цюй Алатау қаласын салу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, кездесуге Қазақстанның әділет, ұлттық экономика, индустрия және құрылыс министрліктерінің вице-министрлері де қатысты.

Алатау қаласы 2024 жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысының жарлығымен құрылды. Мамыр айында қаланың Бас жоспары бекітілсе, қазан айында премьер-министрдің өкімімен вице-премьер Қанат Бозымбаев төрағалық ететін жобалық кеңсе құрылды.

Жобалық кеңсе аясында заңнамалық өзгерістер енгізу, инвестиция, инфрақұрылым, жер мәселелері және сауда бойынша сарапшылар қауымдастығын тарта отырып, үш жұмыс тобы құрылды. Барлық топтар тиісті жұмыстарды атқаруда. Бізге Шэньчжэнь арнайы экономикалық аймағын дамытудағы тәжірибе қызықты. Алатау қаласын құру бойынша ынтымақтастыққа қуаныштымыз және сіздің ұйымыңызды кеңесші және консультант ретінде көргіміз келеді, - деді Қанат Бозымбаев.

Қытай даму институты (China Development Institute) – 1989 жылы Шэньчжэнь қаласында құрылған тәуелсіз аналитикалық орталық. 2015 жылдан бастап Қытайдағы жетекші аналитикалық орталықтардың бірі ретінде танылды.

CDI вице-президенті Цзянь Цюй Alatau арнайы экономикалық аймағын дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық білдіріп, институттың 10 елде АЭА құру тәжірибесі барын атап өтті.

Біз білімімізбен бөлісуге және нақты мәселелер бойынша қажетті ұсыныстар беруге дайынбыз, - деп атап өтті Цзянь Цюй.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға келісті.

Өзгелердің жаңалығы