Қытай үкіметі Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаитидің Тайвань мәселесіне қатысты айтқан сөздеріне байланысты Токионың Бейжіңдегі елшісін шақырды. Бұл екі ел арасындағы бірнеше күн бойы жалғасқан ауызша қақтығыстың жаңа кезеңіне айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Шиеленіс өткен аптада Такаитінің парламенттегі жауаптары кезінде басталды. Ол Қытайдың Тайваньға күш қолдануы Жапонияның өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, мұндай жағдайда Жапонияның өзін-өзі қорғау күштері қатыса алатынын мәлімдеді. Бұл – қауіпсіздік жөніндегі заңнамада көрсетілген «өмір сүруге қауіп төндіретін жағдай» терминіне сәйкес түсіндірме.
Токионың бұл ұстанымы Бейжіңнің жедел және қатаң реакциясын туғызды. Қытай билігі Такаитидің сөздерін «өте қате және қауіпті» деп атап, Жапонияны «отпен ойнамауға» шақырды. Қытайдың Сыртқы істер министрінің орынбасары Сун Вэйдун Жапония елшісіне наразылық білдіріп, Токио мәлімдемелерін қайтарып алуы тиіс екенін айтты.
Жапония өз кезегінде Тайвань мәселесін бейбіт диалог арқылы шешуді қолдайтынын және ресми ұстаным өзгермегенін мәлімдеді. Сонымен қатар Токио Қытайдың Осакадағы Бас консулы Сюэ Цзяньдің әлеуметтік желідегі орынсыз пікіріне де наразылық білдірді.
Тайвань төңірегіндегі күшейген риторика Қытай мен Жапония арасындағы тарихи араздық пен аймақтағы геосаяси шиеленістің қайта тереңдегенін көрсетеді.