Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қытай билігі азаматтарын Жапонияға барудан уақытша бас тартуға шақырды

17 Қараша 2025, 04:27
487
Бөлісу:
 pexels
Фото: pexels

ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі қытайлық туристерге қауіпсіздікке байланысты жақын уақытта Жапонияға сапар жоспарламауға кеңес берді. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Мәлімдемеде Жапонияда Қытай азаматтарына бағытталған қылмыстар жиілеп, қоғамдық қауіпсіздік деңгейі төмендегені атап өтіледі.

Қытайлық туристерге Жапонияға барудан бас тартуды ұсынамыз. Жапонияда жүрген азаматтар қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жергілікті жағдайды мұқият бақылап, төтенше жағдайда дереу полицияға және Қытайдың Жапониядағы дипломатиялық өкілдіктеріне жүгінуі тиіс, - делінген хабарламада.

Министрлік бұл үндеуді 14 қарашада Қытай СІМ жариялаған ескертуге сүйене отырып жасады. Онда Жапонияда Қытай азаматтарына қатысты бірнеше шабуыл тіркелгені және қауіпсіздік жағдайының нашарлап бара жатқаны туралы айтылған.

Осыдан бұрын ҚХР Сыртқы істер министрлігі жапониялық сапарлардан бас тартуды, ал Білім министрлігі Жапонияда оқуды мұқият жоспарлауды ұсынған еді.

Пекин мен Токио арасындағы дипломатиялық шиеленіс Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити Тайвань төңірегіндегі ықтимал әскери дағдарысты ел үшін «экзистенциалды қауіп» деп бағалап, Жапонияның «ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын» пайдалануы мүмкін екенін айтқаннан кейін күшейген. Бұл мәлімдеме Қытай тарапынан қатаң наразылық тудырды.

Өзгелердің жаңалығы