Қытай алғаш рет бірінші сатысын Жерге қайтару мүмкіндігі бар «Чанчжэн-10Б» көп рет пайдаланылатын зымыран-тасығышын сәтті ұшырды. Бұл туралы «Синьхуа» агенттігі хабарлады.
«Чанчжэн-10Б» зымыраны Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань провинциясында орналасқан Вэньчан ғарыш айлағынан ұшырылды.
Алғашқы ұшу барысында зымыран белгіленген орбитаға пайдалы жүкті сәтті шығарды.
Екінші сатыдан ажырағаннан кейін зымыранның бірінші сатысы Жерге қайтып оралып, теңіздегі арнайы платформаға торлы ұстау жүйесінің көмегімен сәтті қондырылды. Ұшыру да, бірінші сатыны қайтару операциясы да сәтті өтті.
Қытай тарапы бұл миссияны қайта пайдаланылатын зымыран-тасығыш технологияларын дамытудағы маңызды серпіліс деп бағалады. Қазіргі уақытта мұндай технологияларды АҚШ-тың SpaceX және Blue Origin компаниялары да қолданады.
«Чанчжэн-10Б» – сұйық отынмен жұмыс істейтін көп рет пайдаланылатын коммерциялық зымыран-тасығыш. Оның ұзындығы шамамен 63 метр, диаметрі 5 метр, ұшу кезіндегі тарту күші 890 тоннаға жуық, ал ұшыру массасы 760 тонна шамасында. Зымыран төменгі Жер орбитасына 16 тоннаға дейінгі пайдалы жүкті жеткізе алады.