“Сезілетін температура” деген не?

Бүгiн, 11:53
375
Бөлісу:
“Сезілетін температура” деген не?
Фото: BAQ.KZ архив

Интернеттен ауа райы болжамын қарағанда метеоқызметтер бүгінгі ауа температурасымен бірге “сезіледі” деген градус өлшемін көрсетеді. Ол нақты ауа температурасынан қатты ерекшеленуі мүмкін. Оның себебін BAQ.KZ тілшісі зерттеп көрді. 

Алдымен "сезілетін температура" нені білдіретінін Қазгидрометтен сұрап көрдік. 

"Сезілетін температура" деп аталатын ұғым бар. Бұл көрсеткіш виртуалды және арнайы құрылғымен өлшенбейді. Ол белгілі бір ауа райы кезіндегі адамның субъективті сезімін білдіреді. Ауа райы болжамын жазу кезінде “Қазгидромет” РМК бұл терминді қолданбайды, - деп мәлімдеді Қазгидромет.

Кәсіпорынның баспасөз хатшысы Алина Исмағулова оның себебін Қазгидромет күн райын болжағанда ауа райы болжамдары мен дауылды ескертулерде қолданылатын арнайы терминологияға сүйенетінімен түсіндірді. Ал онда "сезілетін температура" ұғымы жоқ.

“Сезілетін температура” деген не?

"Сезілетін температура" ұғымын қолданатындар жел секундына 15-20 метр жылдамдықпен соққанда ауа райы салқынырақ сезілетініне сүйенеді. Бірақ Қазақстанның әр аймағында жел әртүрлі соғады. Қазгидромет ауа райы болжамында ауа температурасы мен жел жылдамдығын бөлек-бөлек көрсетеді, - деді Алина Исмағулова.

Қазгидромет "cезілетін температураны" көрсетпегенімен, бұл – әлемде бұрыннан бар тәжірибе. "Сезілетін температураның" мақсаты – адамдарға температураның нақты мәніне қарамастан, оны қалай сезінетінін жеткізу. 
Термометр бағаны нешені көрсетсе де, желді күн адамды тез тоңдыратыны белгілі. Бірақ “сезім” көрсеткішіне 1940 жылдардың ортасына дейін ешкім сандық мән беруге тырысқан жоқ. 

Бұған алғашқы болып Антарктика зерттеушілері назар аударды. Олар қатты жел суды әдеттегіден жоғары температурада қатыруы мүмкін екенін байқады. Әртүрлі жел және температура комбинацияларында сұйықтық қатып қалған пластикалық су бөтелкелерін пайдалану арқылы тәжірибе жүргізді. Нәтижесінде зерттеушілер термометрдің көрсеткіштері мен ашық кеңістікте сезінуге болатын температураны салыстыруға болатын кесте құрды.

Ал 1978 жылы зерттеуші Джордж Уинтерлинг адамның температураны сезінуін басқа қырынан зерттеді. Ол жел сияқты, ауаның ылғалдылығы да адамның температураны сезуіне әсер ететінін ескеріп, "жылу индексі" ұғымын енгізді.
Ал қазіргі заманауи технологиялар "сезілетін температураны" есептеу үшін жел мен ылғалдықтан басқа да көптеген факторларды ескереді. Мысалы, ең танымал AccuWeather ауа райы станцияларының біріне тиесілі RealFeel технологиясы жел мен ылғалдылықтан бөлек, жыл мезгілі, өсімдіктер, географиялық орналасу және т.б. көптеген сыртқы деректерді пайдаланады. 

AccuWeather метеорологы Майкл Стейнберг әріптестерімен бірге адамның биологиялық ерекшеліктеріне негізделген RealFeel моделін жасады. Бұл модель ауа райына сәйкес киінген стандартты дене бітімі бар қарапайым адам сезінетін температураны көрсетеді. Бірақ сауалнама нәтижелері бұл өлшеу жүйесінің де олқылықтары барын көрсетті. 
Бүгінде 100-ден астам әртүрлі өлшеу жүйелері бар. Әрбір жүйенің басқаларға қатысты өзіндік артықшылықтары бар, бірақ ешқайсысы мінсіз емес. Өйткені әр адам температураны өзінше сезінеді.

Өзгелердің жаңалығы