25 жастан асқан әрбір қазақстандық жылына бір саяхатқа шығуды жоспарлайды. Бұрын ол алыс арман болып көрінсе, бүгінде қолжетімді дүние. Бірақ шетелге алғаш рет шығуды жоспарлап жүргендер үшін ең маңызды сұрақ: қай елге бару тиімді, қандай маусымда бағалар арзандайды және нені алдын ала білу қажет? Осы тақырып төңірегіндегі сауалдарға BAQ.KZ тілшісі туристік агенттік жетекшісі Гүлдана Иманбайдан жауап алды.
– Гүлдана ханым, қазақстандықтар ең жиі қай елдерге демалуға барады?
– Бүгінде туристер арасында сұранысы жоғары үш бағыт бар. Қазақстандықтар көбіне Түркияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Мысырға демалыс ұйымдастырады. Бұл елдер қызмет көрсету сапасы мен баға жағынан халыққа қолжетімді болғандықтан танымал.
– Саяхаттауға жылдың қай кезеңі қолайлы?
– Әр елдің өзіне тән туристік маусымы болады. Мәселен, Түркияға жаз бен күз айларында барған ыңғайлы. Египетке қыс пен көктемде, ал Дубайға күз, қыс және көктем мезгілдерінде сапар жоспарлаған дұрыс.
Дегенмен, арнайы маусымнан тыс уақытта, әсіресе қыста саяхаттаған адам билет пен тур бағасын әлдеқайда арзанға табуы мүмкін. Бірақ мұндай сапардың әсері жазғы маусымдағы демалыстай болмауы ықтимал.
– Кейбір азамат шетелге шығуға әлі де жүрексінеді. Туристік агенттікпен барудың қандай артықшылығы бар?
– Туристік агенттіктер жеке және топтық турлар ұсынады. Жеке турдың басты артықшылығы – күтпеген жағдай туындаса, турист қай елде жүрсе де, қауіпсіздігі мен елге оралуына байланысты мәселелерді агенттік барынша бақылауда ұстайды.
Ал топтық турлар, әсіресе, шетелге алғаш шығатын адамдарға өте ыңғайлы. Мұндай сапарда туристерге жол көрсететін гид бірге жүреді, әрі Қазақстаннан шыққан сәттен елге қайта келгенге дейін бағыт-бағдар беріп отырады. Бұл – тіл білмейтін немесе алғаш рет жолға шыққан адамдар үшін үлкен қолдау.
– Саяхат алдында туристер қандай нәрселерге мән беруі керек?
– Біріншіден, баратын елдің ережелері мен талаптарын алдын ала оқып шығу маңызды. Сонымен қатар сол мемлекеттің қарапайым 2-3 сөзін жаттап алу да пайдалы.
Екіншіден, құжаттардың толық әрі дұрыс екеніне көз жеткізіп, оларды мұқият сақтаған жөн. Себебі кей елде ұрлық фактілері жиі кездеседі.
Үшіншіден, әр азамат өз құқығы мен қауіпсіздік шараларын білуі керек.
– Қай елге бару аз шығынмен жүзеге асады, ал қайсысы қымбатқа түседі?
– Мысал ретінде қазақстандықтар көп таңдайтын Мысыр мен Дубайды салыстырып көрейік. Жалпы алғанда, шығын аз жұмсалатын бағыт – Египет. Кейде тур пакеті қымбаттау көрінуі мүмкін, алайда ол жақтағы күнделікті шығындар: тамақтану, қызмет көрсету, экскурсия, көлік сияқты қызметтердің бағасы қолжетімді.
Ал Дубай бағасы жоғары қалалардың бірі. Турдың өзі қыс айларында арзанға түскенімен, демалыс барысында кететін қосымша шығын көп болуы мүмкін. Сондықтан туристер бұл бағытты таңдағанда қаржылық жоспарды алдын ала есептеп алғаны дұрыс.
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс білдіремін.