Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қысқы Олимпиадада Қазақстан туын кімдер ұстап шығады

Бөлісу:
 inbusiness.kz
Фото: inbusiness.kz

Спорттық іс-шара 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласындағы Сан-Сиро стадионында өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев айтып өтті.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің қоғамдық кеңесі отырысында ел спортының биылғы нәтижесіне қорытынды жасалды.

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-тректен ҚР халықаралық деңгейдегі еңбек сіңірген спорт шебері Денис Никиша, шорт-тректен халықаралық деңгейдегі спорт шебері Яна Хан ұстап шығады, – деді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары.

Еске салайық, 30 жастағы Денис Никиша – шорт-тректен әлем чемпионатының 500 метр қашықтықтағы екі дүркін күміс жүлдегері (2024, 2025 жыл).

Ал 25 жастағы Яна Хан – 2025 жылы эстафетадан қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері. 
Сонымен қатар, Нұрлан Есембаев 2026 жылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан атынан 35 спортшы қатысуы мүмкін екенін айтты. Олардың басым бөлігі – Астана, Алматы қалалары, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан.

Аймақтар бойынша Ақмола облысынан – 9, Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысынан – 8, Алматы қаласы – 7, Қостанай облысы – 5, Шымкент қаласы – 4, Павлодар облысы – 3, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарынан 1 спортшыға сенім жүгі артылмақ.

Қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы бөлінген қаржының жалпы көлемі 13,2 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде федерациялар есебінен – 585,0 млн теңге, республикалық бюджеттен – 5,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 6,2 млрд теңге, оған қоса туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан 812,5 млн теңге қаралды, – деді Нұрлан Есембаев.

Өзгелердің жаңалығы