Ербол Мырзабосынов ұлттық құрама командаларының дайындығы туралы кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елордада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен IX қысқы Азия ойындарына ұлттық құраманың дайындығына арналған жиын өтті. Байрақты бәсеке 2025 жылдың 7-14 ақпанында Қытайдың Харбин қаласында ұйымдастырылады.
Іс-шараға министрлікке бағынысты ұйымдардың басшылары, қысқы спорт түрлері федерацияларының бас хатшылары, мемлекеттік жаттықтырушылар және ұлттық құрама командаларының бас жаттықтырушылары қатысты.
Жиында Ербол Мырзабосынов қысқы Азия ойындарының басталуына санаулы ай қалғанын еске салып, сары құрлық додасына құраманы тынғылықты дайындауға қатысты нақты мәселелерді ашық талқылау керек екенін жеткізді.
Ел намысы сыналатын осындай халықаралық додаларда ұлттық құраманың табысты өнер көрсетуі Қазақстанның имиджін көтереді. Қысқы Азия ойындарында біздің спортшылар тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Сондықтан алдағы байрақты бәсекеде жоғары жетістікке жету үшін бар күшімізді салу қажет, – деді Туризм және спорт министрі.
Сондай-ақ жиында елімізде қысқы спорт түрлерін дамыту мәселелері де талқыланды.
Айта кетейік, қысқы Азия ойындары 1986 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ал Харбин аталған ойындарды осымен екінші мәрте қабылдамақ. Бірінші рет 1996 жылғы өткізген болатын. Алдағы ойындарда 11 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады. Спортшылар шорт-трек, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, керлинг, тау шаңғысы, сноубординг, фристайл, шаңғы жарысы, биатлон және шаңғы альпинизмінен сынға түседі.