16 қыркүйектен бастап азаматтар банк картасын үшінші тұлғаларға пайдалануға берсе, жауапқа тарылады. Бұл туралы ІІМ Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бейбіт Біржанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шілденің 16-сында Мемлекет басшысы қылмыстық заңнаманы оңтайландыруға қатысты заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қол қойған болатын. Бұл заң 15 қыркүйекте күшіне енеді.
Құжат күшіне енгеннен кейін азамат өзіне тиесілі банк картасын үшінші тұлғаға пайдалануға бере алмайды. Егер картаны берген жағдайда, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Мысалы, сіз банкомат жанында тұрсыз. Сізге бейтаныс адам келіп:
Кешіріңіз, менде қолма-қол ақша бар. Маған шотыма аударып беріңізші. Мен сізге 20 мың теңге беремін, сіз оны Kaspi-ге аударып жіберіңізші, - дейді.
Енді осындай әрекеттерге тыйым салынбақ.
Сол 20 мың теңгенің қайдан келгенін білесіз бе? Мүмкін, ол – алаяқтық жолмен табылған ақша шығар. Ақшаны кімнің шотына аударып тұрғаныңызды білесіз бе? Жоқ, танымайсыз. Ертең жәбірленуші келсе, ақша аударылған шот міндетті түрде тексеріледі. Сол кезде күдікті кім болады? Біз, яғни сіз, - деді Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бейбіт Біржанов.
Сондықтан мұқият болу қажет. Бұл тыйым туыстар арасындағы ақша аударымдарына қатысты емес. Мысалы, балаңызға немесе туысыңызға ақша жіберу – қылмысқа жатпайды.
Тек пайда табу мақсатында, яғни үшінші тұлғаның пайдасына ақша аударғанда ғана бұл әрекет қылмыс болып есептеледі.
Оның айтуынша, алаяқтар кейде әдейі шотқа ақша жіберіп, артынша хабарласып:
Кешіріңіз, қателесіп 20 мың теңге жіберіп қойыппын, 5 мыңын өзіңізге алып, қалған 15 мыңды мына шотқа аударып жіберіңізші, - деп өтінуі мүмкін.
Осындай жағдайда ақшаны бірден қайтаруға болмайды. Егер жіберіп қойсаңыз, сіз алаяқтықтың қоса орындаушысы саналасыз. Себебі сіз ақшаны нақты кімге аударып отырғаныңызды, тіпті кім хабарласқанын да білмейсіз.
Мұндай жағдайда банкке хабарласып, бөгде адам қателесіп ақша аударғанын айтып, сол ақшаны қайтадан бастапқы шотқа кері аударуды сұрау керек, - деп кеңес берді ол.
Бейбіт Біржанов азаматтарды қылмыстың қоса орындаушысы болып кетпеу үшін аса мұқият болуға шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін банк картасын басқаға беру – енді тек қауіп емес, қылмыс екені туралы жаздық.
Ұлттық банк қазақстандықтар "жеңіл табыс" схемасына қалай алданатынын айтып, ескерту жасаған болатын.