Бүгін Қырғызстанда сағат 8:00-де кандидаттардың үгіт-насихат кезеңі аяқталып, Жогорку Кенеш депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау алдындағы "Тыныштық күні" басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қырғыз Республикасының Президентін және Жогорку Кенеш депутаттарын сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес, сайлау алдындағы үгіт дауыс беру басталғанға дейін 24 сағат бұрын тоқтатылады. Яғни 2025 жылдың 29 қарашасы күні таңғы 8:00-ден бастап үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Тыйым салынатындар:
- бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы үгіт жүргізу;
- митинг, жиын, теледебат сияқты қоғамдық үгіт іс-шараларын өткізу;
- баспа, аудио-визуалды және өзге де үгіт материалдарын тарату;
- заңда көрсетілген үгіттің басқа да түрлері.
Заң талаптарын бұзу Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
Еске салайық, Қырғызстанда Жогорку Кенеш депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауы 2025 жылдың 30 қарашасы, жексенбі күні өтеді.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров халыққа жасаған үндеуінде парламент сайлауының өту барысын жеке өзі бақылауға ниетті екенін айтты.