Садыр Жапаров Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев тұсында президент аппаратының басшысы болған Фарид Ниязовке рақымшылық жасады.
24.kg таратқан мәліметке сәйкес, Фарид Ниязов әр жылдары мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеп, журналистикамен айналысқан. Сонымен қатар Алмазбек Атамбаевтың кеңесшісі болған, кейін оның әкімшілігін басқарған.
2017 жылдың желтоқсанында ол Сооронбай Жээнбеков президент болған кезеңде президент аппаратының жетекшісі қызметіне тағайындалған. Алайда 2018 жылдың наурызында бұл қызметтен кеткен.
Ниязовқа қатысты соңғы үкім 2019 жылғы 7–8 тамызда Қой-Таш ауылындағы президент резиденциясында болған оқиғаларға байланысты шыққан.
Сол кезде ҰҚМК арнайы жасағы бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты резиденциясында ұстауға әрекет жасаған. Арнайы операция күштік құрылым қызметкерлері мен экс-президенттің жақтастары арасындағы қақтығысқа ұласқан.
Бішкектің Первомай аудандық соты Ниязовты басқа айыпталушылармен бірге жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, билік өкіліне күш қолдану, адамды кепілге алу және өзге де баптар бойынша кінәлі деп таныды.
Сот оған жалпы режимдегі колонияда 7 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ үш жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды.
2025 жылғы 23 қазанда Бішкек қалалық соты Қой-Таш оқиғасына қатысты үкімге ішінара өзгеріс енгізді. Алайда Фарид Ниязовқа тағайындалған 7 жыл 8 айлық жаза өзгеріссіз қалдырылды.
Еске салайық, Алмазбек Атамбаевтың өзі Қой-Таш оқиғасы бойынша 11 жыл 3 айға сотталған болатын.