Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бішкек атауы қала аудандарының біріне ауысуы мүмкін. Бұл жөнінде Zakon.kz порталы хабарлады.
Қырғызстан президенті аппаратының бұрынғы басшысы Эмильбек Каптагаев ел астанасы Бішкек атауын Манас қаласы деп өзгертуді ұсынды. Ол, сондай-ақ, Бішкек атауын қала аудандарының біреуіне беру қажет деп санайды.
«Кейіннен, бірнеше жыл өткеннен кейін кіріспес үшін бізге елорда атауын Манас деп қазірден өзгерткен дұрыс шығар? Бұл әділетті болар еді... Ал қазіргі Свердлов ауданын Бішкек ауданы етіп өзгерту керек. Себебі, дәл осы ауданда Пішпек бекінісі орналасқан және Бішкек қонысы болғаны да әбден ықтимал... Ал Бішкек батырының болған-болмағаны әлі де даулы мәселе болып отыр. Себебі, аңыз-әңгімеден басқа ешқандай тарихи дәлелді факті жоқ», - деп жазды ол өз Facebook парақшасында.
Оның бұл ұсынысына пікір білдірушілердің бірқатары қолдау көрсетсе, астана атауын өзгертуге қарсылық білдіргендер де табылған.
Эмильбек Каптагаев мұндай ұсынысты Қазақстанның бас қаласының атауы өзгертілуіне байланысты жасап отыр. Еске сала кетсек, 23 наурыздан бастап Астана қаласы ресми түрде Нұр-Сұлтан деп аталды. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдеме жасап, президент қызметін мерзімді сайлауға дейін Қасым-Жомарт Тоқаев атқаруға кірісті. Ел алдында ант қабылдаған Тоқаев салтанатты жиын барысында Қазақстанның бас қаласына Назарбаевтың есімін беру туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұсыныс жан-жақтан үлкен қолдау тауып, қазіргі таңда елдің бас қаласының атауы өзгертіліп үлгерді.