20 қазақстандық студент Қырғызстандағы университеттен шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қырғызстанның Ишеналы Арабаев атындағы мемлекеттік университетінде жүргізілген тексеріс нәтижесінде 20 Қазақстан азаматы оқудан шығарылды. Бұл туралы Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді.
Арнайы қызметтің хабарлауынша, шетелдік студенттердің бір бөлігі оқу орнына ресми түрде қабылданғанымен, шын мәнінде елде болмаған және оқу процесіне мүлдем қатыспаған.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті жоғары білім беру жүйесіндегі жемқорлықты жоюға бағытталған іс-шаралар аясында И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінде шетелдік студенттердің білім алуына қатысты заңбұзушылықтар жөнінде мәліметтер түскенін хабарлайды. Анығырақ айтқанда, университетке ресми түрде қабылданған бірқатар шетелдік студенттер іс жүзінде Қырғызстан аумағында болмағаны және оқу процесіне қатыспағаны анықталған, – делінген ҰҚК мәлімдемесінде.
Аталған факті бойынша Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлімі ("Қызметтік жалғандық") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-тергеу іс-шаралары аясында комиссиялық тексеріс жүргізіліп, онда көрсетілген заңбұзушылықтар расталды.
Жалпы саны 59 студент оқудан шығарылған. Олардың ішінде:
30 – Өзбекстан азаматы,
20 – Қазақстан азаматы,
9 – Ресей азаматы бар.
Тергеу барысында университеттің кейбір лауазымды тұлғалары тарапынан қызметтік жалған құжаттар рәсімделгені анықталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Қырғызстанның арнайы қызметі білім беру саласындағы жемқорлықпен күрес аясында мұндай фактілерді жою мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.