Бұл туралы Ақордада Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Екі елдің үкіметтері арасында талқыланып жатқан өзекті мәселелер бар. Осы орайда бір-бірімізді ойлап, келешекті ойлап, мәселелерді бірлесіп шешу маңызды деп ойлаймын. Бұрыннан бері елдеріміз ынтымақта, достық қарым-қатынаста және біртуған болып, бір-біріне қолдау көрсетіп келе жатыр, - деп айтты Жапаров.
Қырғызстан президенті Бішкекте 2 ақпанда жылу орталығында болған апат кезінде гуманитарлық көмек көрсеткен қазақ бауырларына ризашылығын айтты.
Біз Қазақстанда болып жатқан ауқымды су тасқыны жайлы хабардармыз. Қазақстан сіздің жетекшілігіңізбен апатты еңсеретініне кәміл сенемін. Өз кезегінде біз Қазақстан Республикасына қолдан келген көмекті беруге дайынбыз, - деді Садыр Жапаров Ақордада.
Бұған дейін Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасында ешқандай саяси қарама-қайшылық жоқ екенін айтқан еді.