«Құқықтық тәртіп»: Тіркелмеген тапанша тәркіленді

1 Наурыз 2019, 20:10
2198
Бөлісу:
«Құқықтық тәртіп»: Тіркелмеген тапанша тәркіленді

Астана, BAQ.KZ. Алматы облысының тәртіп сақшылары Іле ауданының тұрғынынан еш жерде тіркелмеген тапанша тәркіледі, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Облыс аумағында жүргізіліп жатқан «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында бір күн ішінде полицейлер қару-жарақты заңсыз сақтаудың 11 дерегін анықтады. Оның екі дерегі қарудың оқ-дәрілерін сақтаумен байланысты ашылды.

«Іс-шара барысында 30 жастағы тұрғынның қалтасынан еш жерде тіркелмеген, белгісіз тапанша табылып, тәркіленді. Тергеу амалдары барысында қылмыстың мән-жайы анықталатын болады. Тапанша тиісті сараптамаға жіберілді»,- деп хабарлайды Іле ауданы Полиция басқармасының өкілі.

Облыстық полиция таратқан ақпаратқа сәйкес «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы барысында бір күнде 84 қылмыс ашылған, оның ішінде 63 қылмысты тәртіп сақшылары ізін суытпай ашқан.

«Облыстың алты тұрғыны есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікке ілініп, оларға қатысты қылмыстық өндіріс қозғалды. Сонымен қатар, іс-шара барысында тәртіп сақшылары еліміздің қолданыстағы көші-қон заңнамасын бұзған 22 шетел азаматын анықтады. Қазіргі уақытта олардың төртеуі ел аумағынан шығарылды»,- деп атап өтті облыстық полицияның баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы