Бұл сұраққа Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі кезде қалыптасып отырған біздің елдегі инфляция болсын, көрші елдердегі инфляция болсын, көп жағдайда импортпен байланысты. Дүние жүзі бойынша баға шарықтап тұр. Америкада да, Еуроодақта да инфляция жоғары. Олардағы инфляцияның жоғарғылығы сондай, рецессия болуы мүмкін. Рецессия дегеніміз – экономикалық өсім болмауы мүмкін деген сценарий. Бұл инфляцияның себебі – сырттан келіп отырған факторлар, - деп атап өтті ведомство басшысы Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында.
Айтуынша, сырттан келетін қымбатшылықты тоқтатуға қауқарымыз жоқ.
Біз сонау Америкадағы инфляцияны ауыздықтай алмаймыз, Еуропадағы инфляцияны тоқтата алмаймыз. Оларда энергетикалық дағдарыс келе жатыр. Олардың байланысы қазір шарықтап тұр. Дегенмен, біз Ұлттық банкпен бірге жұмыс істеудеміз. Қазіргі болжамдар бойынша, біз де онымен келісеміз, осы жылдың аяғына-келесі жылдың басына қарай инфляция төмендей бастайды, - деді Қаржы министрі.
Еске сала кетейік, бұған дейін ведомство басшысы еліміздегі министрлердің жалақысының қанша екендігін айтқан болатын.