Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қымбат пәтер мен көлік: Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсаған?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
14 Шілде 2025, 12:30
2655
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Перизат Қайратқа қатысты сот отырысында мемлекеттік айыптаушы оның ұрлық пен алаяқтық арқылы алынған қаражатты қандай мақсаттарға жұмсағанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Перизат Қайрат пен оның анасы қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңды айналымға енгізіп, ол қаражатқа жылжымайтын мүлік, әшекей бұйымдар және люкс заттар сатып алған, - деді прокурор Арман Кезекен.

Айыптау актісінде келтірілген деректер мынадай:

  • 2024 жылғы 25 мамырда Астана қаласындағы Rolex Boutique дүкенінен Перизат Қайрат құны 6 973 000 теңге тұратын сағат сатып алған.
  • 4 мамырда Akbulak Rivera тұрғын үй кешенінен 93 000 000 теңгеге пәтерді қолма-қол ақшаға алған.
  • 5 мамыр мен 26 тамыз аралығында осы пәтерде 123 000 000 теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ол да қолма-қол төленген.
  • 27 мамырда Highvill Ishim Gold кешенінен пәтер мен автотұрақты 205 000 000 теңгеге сатып алған.
  • 1 маусымда Перизат Қайрат пен анасы Алашбаева Көк жайлау 3 тұрғын үй кешенінен 25 500 000 теңгеге пәтер алған.
  • 18 маусымда Astana Motors Premium компаниясынан Lexus LX 600 маркалы көлікті 80 212 000 теңгеге сатып алған.
  • 9 шілдеде North Star of Kazakhstan ЖШС-нен Mercedes-Benz S 450 4MATIC көлігін 77 257 765 теңгеге алған, оның 20 млн теңгесі есепшотқа аударылып, қалғаны қолма-қол төленген.
  • 16 шілдеде автотұрақ орнын 6 600 000 теңгеге сатып алған.
  • 27 тамызда Vela Village коттедж қалашығынан үй, құрылыс нысаны және жер телімін 150 000 000 теңгеге сатып алған.
  • 3 қыркүйекте Musag Astana ЖШС-нен Haval H6 GT көлігін 13 570 000 теңгеге қолма-қол ақшаға сатып алған.

Прокурор Арман Кезекеннің сөзінше, Қайрат пен анасы су тасқыны кезінде жиналған қайырымдылық қаражатын пайдаланып, 671 382 000 теңгеге мүлік, сондай-ақ 158 289 365 теңгеге зергерлік бұйымдар мен аксессуарлар сатып алған.

Тәркіленген 123 түрлі брендтік сөмке, аяқ киім және әшекейлердің жалпы құны 152 870 806 теңгені құраған. Барлық зат зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған қаражатқа алынған. Алашбаевадан да осындай 17 бұйым тәркіленіп, олардың жалпы құны 5 418 559 теңгені құрады.

Айыптау тарабының нұсқасы бойынша, Қайрат пен Алашбаева ұрланған 2 860 047 926 теңгенің ішінен 1 036 994 900 теңгені заңдастырып, заңды айналымға енгізген.

Сот процесі жалғасып жатыр.

Бұған дейін Перизат Қайрат халықты қалай алдағаны айтылды.

Сондай-ақ сот залынан БАҚ өкілдерін шеттету туралы шешім қабылдағанын жаздық. 

Тыңдау жартылай жабық режимде өтіп жатыр. Журналистер арнайы баспасөз орталығынан ақпарат таратып жатыр. Залда отыруға тек тараптарға ғана рұқсат берілді.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады

Өзгелердің жаңалығы