Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері қылмыстық істі дұрыс жүргізбеген 4177 тәртіп сақшысына жаза қолданылған. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов айтты.
"Қазақстан - 2025" стратегиясын іске асыру барысында Бас прокуратура қылмыстық кодекс пен қылмыстық-процестік кодекстерді жетілдіру туралы заң жобасын әзірлеген.
"Прокурорлардың азаматтарды заңсыз ұстаған 600 фактісі анықталды. 149 адамға қатысты негізсіз қылмыстық қудалау тоқтатылды. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасын өрескел бұзғаны үшін 4 177 тәртіп сақшысына жаза қолданылды", - деді Сапарбек Нұрпейісов.
Прокурорлардың наразылықтары мен өтініштерінен кейін Жоғарғы сот 975 азаматқа қатысты үкімдерді қайта қараған. 220 сотталушының жағдайын жақсартты (жазаның қысқартылуы, айыптау мөлшері немесе ақталған үкім).
Сол сияқты прокурорлардың өтініштері мен наразылықтары бойынша азаматтық және әкімшілік істер бойынша 524 сот актісі қаралыпты.
"Қадағалаудың 129 актісі бойынша бюджеттің 40 миллиард теңге мүддесі қорғалды. Жоғарғы соттың бас прокурорының наразылығына сәйкес 35 сот актісі жойылып, өзгертілді. Қазынадағы 6,5 млрд теңге шығынның алдын алдық. Әлеуметтік-экономикалық салада бірқатар ірі көлемді тексерулер жүргізілді. "Нұрлы жол" бағдарламасына сәйкес жерді мақсатты пайдалану, жалақы мен тарифтер мәселесі бар. Анықталған қылмыстық істер бойынша 11 мың адам түрлі жауапкершілікке тартылды, мемлекетке 25 миллиард теңге қайтарылды. Жауап беру актілері бойынша 22 мың қызметкердің жалақы бойынша берешегі өтелді", - дейді ол.
Бұған дейін Сапарбек Нұрпейісов Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы және күйеу баласы туралы жаңа деректерді айтты.