Елордада «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстан жастары – 2026» ұлттық баяндамасы жобасының мазмұндық бөлігін талқылауға арналған сараптамалық кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шарада Қазақстан жастары арасында қалыптасып жатқан негізгі үрдістер мен өзгерістер талқыға түсті.
Кездесу барысында жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, цифрлық қауіпсіздік, медиадағы мінез-құлық ерекшеліктері және жастардың қоғамдық белсенділігі бағыттарындағы жаңа тенденциялар тілге тиек етілді. Сонымен қатар қазіргі әлеуметтік үдерістерді ескере отырып, ұлттық баяндама мазмұнын жаңарту мен оның құрылымын жетілдірудің тиімді тәсілдері қарастырылды.
Бүгінгі таңда Ұлттық баяндама мемлекеттік жастар саясаты саласындағы негізгі аналитикалық құжаттардың бірі болып табылады. Оның ерекшелігі – бұл тек зерттеу материалы ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы аясында бекітілген және жыл сайын елдегі жастардың жағдайы туралы жүйелі аналитикалық база ретінде Мемлекет басшысына ұсынылатын құжат. Баяндама жастар ортасының динамикасын көруге, жаңа сын-қатерлерді уақтылы анықтауға және мемлекеттік саясаттың басымдықтарын түзетуге мүмкіндік беретін маңызды құрал ретінде қалыптасады. 2025 жылға арналған Ұлттық баяндама биылғы жылдың ақпан айында Президент Әкімшілігіне енгізіліп, наурыз айында мүдделі мемлекеттік органдарға одан әрі пысықтау және практикалық қызметте пайдалану үшін жолданды, - деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.
Айтуынша, 2025 жылы Ұлттық баяндаманың құрылымы алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда едәуір жаңартылған. Алғаш рет оның құрамына талдаудың жаңа бағыттарын қамтитын екі дербес тарау енгізілді. Атап айтқанда, «Қылмыс және қауіпсіздік» тарауында жастардың құқықтық сауаттылығы, осалдық тәуекелдерінің жаңа түрлері, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қазіргі қауіпсіздік қатерлері жүйелі түрде қарастырылды. Сондай-ақ «Мемлекеттік жастар саясаты» атты тарауда саланың институционалдық дамуына, жастар ресурстық орталықтарының қызметіне, республикалық ұйымдардың жұмысына және Жастардың даму индексіне ерекше назар аударылған.
Қолданыстағы бөлімдердің мазмұны да айтарлықтай жаңартылды. Атап айтқанда, жастардың экономикалық мінез-құлқына арналған тарауда алғаш рет мансаптық траекторияларға және жасанды интеллекттің ықпалына арналған жеке бөлім енгізілді. Бұл бүгінгі күні еңбек нарығында және жастардың кәсіби бейімделу үдерісінде болып жатқан объективті өзгерістерді көрсетеді. Сонымен қатар қоғамдық-саяси блок та едәуір күшейтіліп, онда медиа ықпалына, жастардың бірегейлігінің қалыптасуына және жас буынның қоғамдық үдерістерді қабылдауының жаңа модельдеріне көбірек назар аударылды, - деді комитет басшысы.
Жиынның тізгінін ұстаған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы өз түрі бойынша бірегей және жастар дамуының маңызды көрсеткіштерін жан-жақты зерделейтін еліміздегі бірден-бір талдамалық құжат деп атады.
Бұл баяндама жыл сайын ғылыми-зерттеу тобының жан-жақты жұмысы, түрлі сала мамандарының өзара әрекеттесуі және әлеуметтанулық зерттеулер арқылы жастардың пікірін зерделеу нәтижесінде қалыптасады. «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңын орындау шеңберінде дайындалады, - деді Гүлісхан Нахбаева.
Айта кетерлігі, Ұлттық баяндамада жастардың өзгеріп жатқан сұраныстары мен мінез-құлық модельдерін көрсетуге айрықша мән беріледі. Бұл мәселелер Қазақстанның ішкі саясатының негізгі қағидаттары мен құндылықтары, сондай-ақ стратегиялық бағыттары тұрғысынан сарапталады. Осы тұрғыда жауапкершілігі жоғары, белсенді әрі қоғам өміріне белсене араласатын жас буынды қалыптастыру маңызды басымдықтардың бірі ретінде айқындалады.