Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Құзыретімізге кірмейді": Алматының таулы бөлігіне салынған үйлерге қатысты әкім не дейді

Нұрқанат Атажан
12 Қараша 2025, 12:51
434
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин Алматы маңындағы таулы аймақтардағы құрылыс мәселесін түсіндіріп, кейбір жағдайларды “өрескел сипаттағы” деп атады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер Оразалинге депутат Бақытжан Базарбек көтерген мәселеге қатысты сұрақ қойды. Бұған дейін депутат Көк-Төбе аймағындағы 25 жер телімін Бас прокуратура тексеруі тиіс екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұл жерде таулар жойылып, табиғатты қорғау аймағында капиталды құрылыс жүріп жатыр.

Журналист әкімнен құрылыс нормаларының сақталуын кім бақылайтынын сұрады.

Бұл мәселе тікелей біздің құзыретімізге кірмейді. Бұған өкілетті мемлекеттік органдар бар: қала құрылысы бақылауы басқармасы, жер инспекциясы, экология департаменті. Бірақ бұл органдардың аумақтық үйлестіруін біз жүзеге асырамыз. Тау беткейлерінің қырқылуы тақырыбын мен жанама түрде қозғағанмын, бұл Медеу ауданындағы сел қаупі жоғары аймақтарға қатысты, - деді Оразалин.

Әкімнің айтуынша, бұл мәселе аудан үшін өте өзекті, себебі мұндай жағдайлар бұрын адам өлімімен аяқталған.

Біз мұндай аймақтарды тұрғындарға қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу мақсатында жылына кем дегенде екі рет тексереміз, – деді ол.

Оразалиннің айтуынша, егер қауіпті учаске мемлекеттік жер қорына жатса, онда тау қырқалары мен еңістерін бекіту жұмыстары жүргізіледі.

Бұл үшін құрамында сарапшылар бар арнайы жұмыс тобы құрылған. Яғни біз адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейміз.
Ал адамдардың заңсыз құрылыс жүргізуін алсақ, 2023 жылы қабылданған жаңа Бас жоспарға сәйкес, көптеген жерлер R1 рекреациялық аймақ мәртебесіне ауыстырылды, мұнда құрылыс жүргізуге тыйым салынған, – деді әкім.

Сонлай-ақ ол жекелеген жағдайлар бар екенін атап өтті.

Егер бүкіл Медеу ауданын және оның оңтүстігіндегі таулы бөлігін қарасақ, бүгінде жаппай құрылыс болмауы үшін шаралар қабылданған. Өйткені көптеген жер телімдері жеке меншікте қалып отыр. Дегенмен, жекелеген жағдайлар бар, кейде олар өте өрескел сипатта болады, - деді Еркебұлан Оразалин.

Әкімнің айтуынша, егер құрылыс адамдарға қауіп төндірмесе, бірақ елеулі заң бұзушылықтармен салынса, онда бұл мәселе қала құрылысы бақылауы басқармасына және экология департаментіне жолданады.

Айта кетейік, 2024 жылдың 8 ақпанында түнде Алматының Медеу ауданында жер көшкіні болған еді. Оқиға салдарынан екі үй бүлініп, төрт адам үйінді астында қалған. Кейін олардың денелері табылды. Қайғылы оқиғада 1980 және 1984 жылы туған ерлі-зайыптылар мен 2007 жылы туған екі жасөспірім көз жұмған.

Бұған дейін Алматыда қала құрылысын шектеуге қатысты қандай өзгерістер енгізілетіні белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы