Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов келесі жылдан бастап өрт сөндірушілерге тұрғын үй төлемдері берілетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құтқарушының имиджі мен мәртебесін арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс ретке келтірілді. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар халықтың үлкен сеніміне ие. Құтқару операцияларын жүргізудің ашықтығы бір жағынан халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруды насихаттайды, - деді министр Мәжілісте.
Сондай-ақ ТЖМ басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.
Әлеуметтік қолдауды жақсарту шеңберінде төтенше жағдайлар қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін төлеу мәселесі шешіліп жатыр. Төлемдер келесі жылдан бастап бірінші кезекте өрт сөндірушілерге және жекелеген санаттарға беріледі, - деп айтты ол.
Еске сала кетейік, бүгінде елімізде азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам қызметкер қызмет атқарады. Қазіргі күні құтқарушылардың баспана мәселесін шешу үшін өрт сөндіру бөлімшесі маңынан жатақхана салынып, проблема шешімін тауып келеді.
Бұған дейін елордадағы өрт сөндіру бөлімдерінде болып, жатақханаларда қандай жағдай жасалғанын көрген болатынбыз.