Қарағанды облысының құтқарушылары мен техникаларының қыс мезгіліне дайындығы тексерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысында 21 және 22 қарашада, бүкіл елде өтіп жатқан "Қыс-2024" Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтуде. Өңірдің авариялық-құтқару қызметтерінің қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындығын Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен ТЖ департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев тексерді.
Оқу-жаттығу арнайы техниканы тексеруден басталды. Қарағандыдағы "Шахтер" стадионының сыртында полиция бөлімшелері, автомагистральдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жол ұйымдары, әскери-құтқару қызметтері және Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлері сап түзеді.
Құтқарушылар қыста жұмыс істеуге 76 бірлік жоғары өтімді және инженерлік техника дайындады.
Барлық жерүсті көліктері, вахталық автомобильдер тартылатын болады. ТЖ және облыстық Азаматтық қорғау қызметтері департаментінің автопаркі жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен жаңартылып отырады. Жақында үш жоғары өтімді көлік – жол талғамайтын, батпақта жүре алатын арнайы техника сатып алынды. Олар іздеу-құтқару жұмыстары, адамдарды эвакуациялау үшін қолданылады.
Қазір барлық құрылымдардың дайындығына тексеру жүргізілуде: ТЖ департаменті, полиция, Ұлттық ұлан, барлық аудандар мен қалалар әкімдіктері, жол қызметтері. Қыста әртүрлі төтенше жағдайлар туындауы мүмкін: қазандықтардың жұмысында ақаулар, электр қуатының үзілуі, жол апаттары. Әсіресе, облысымыз арқылы өтетін Алматы – Екатеринбург республикалық тас жолында авариялық-құтқару жұмыстарына дайын болуымыз керек. Біз құтқару жұмыстарына 5 мыңнан астам адам мен мыңнан астам техниканы тарта аламыз. Өткен жылы тек жолдарда мыңнан астам адам құтқарылды, – дейді ТЖ департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев.
Қарағанды облысында ұзындығы 574 шақырым болатын 590 қарлы учаске күшейтілген бақылауға алынды.
Сондай-ақ, 19 жылыту пункті мен 6 трассалық медициналық-құтқару пунктінің жұмысы ұйымдастырылды. ТЖ жағдайында жол бойындағы сервистің 300-ден астам нысаны тартылатын болады.
Оқу жаттығулары Теміртау маңындағы трассада да ұйымдастырылды. Мұнда құтқарушылар далада қалып қойған автобустан адамдарды құтқару кезінде іс-әрекеттерді пысықтады, сондай-ақ жоғалған адамды іздестірді.
Өңірде барлығы 26-дан астам тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өткізілді, онда далалық басқару пунктінің жұмысы көрсетілді: штабтар, медициналық пункттер, тамақтану, жылыту және психологиялық көмек пункттері орналастырылды.
Сондай-ақ, облыста ескерту жүйесінің техникалық тексерісі өтті – 21 қарашада сағат 11:00-де барлық электр сиреналары бір мезгілде қосылды.