Құтқарушылар құрылғыларды тегін таратуда

17 Мамыр 2019, 10:54
2094
Бөлісу:
Құтқарушылар құрылғыларды тегін таратуда
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың үйлеріне барып, көмірқышқыл газының иісі шыққан жағдайда белгі беретін құрылғылар орнатып жатыр. 

Бұл облыс әкімдігінің бастамасымен жүзеге асуда. Басқарма қызметкерлері мұндай қондырғыны 500 үйге таратуды жоспарлап отыр. Құрылғы бөлмеде өр туындаған кезде түтін мен газ иісі сезілген кезде іске қосылады. Сигнализатор, газдың иісі шыққанда, шиқылдап, шырт ұйқыдағы адамды оятады. 

Құтқарушылар құрылғыларды тегін таратуда

«Өрт кезінде адамдар, соның ішінде балалардың зардап шегуінің алдын алу мақсатында аталған құрылғыларды орнату жұмыстары басталды. Бұл құрылғы бөлмеде өрт шыққанын дер кезінде хабарлап, тұрғындардың улануының алдын-алуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, шара барысында көмірқышқыл газын хабарлағыш құрылғылар мен өрт сөндіргіш құралымен жұмыс жасау тәртібі мен қолдануын түсіндіріп жатырмыз», - дейді Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инженері Ербол Ғабитов. 

Статистика бойынша, өрттің 70-80%-ы жеке тұрғын үйлерде орын алады екен. Атырау қаласында биыл жыл басынан бері 55 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 30-ы жеке үйлерде болды. Өрттен 42 адам құтқарылып, өкінішке қарай 3 адам қаза тапқан.

Өзгелердің жаңалығы