"КӘАҚҚ РОШ" ЖШС Қарағанды филиалының алты құтқарушы бөлімшесі "АрселорМиттал Теміртау" АҚ КД Ленин атындағы шахтасында апат орнына алғашқылардың бірі болып келді. 830 метр тереңдікте құтқару жұмыстарына 35 адам қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұмыс екі учаскеде жүргізілді.
Әр жерде екі адам еңбек етті. Тағы бір кенші жұмысты басқарды. Төтенше жағдай орын алған жерге келген кезде біз үш адамның денесін таптық. Біраз уақыттан кейін екінші нүктеде – тағы бір марқұмды, сонан соң қаза болған бесінші кеншіні тауып алдық. Оқиға кенеттен орын алғандықтан, кеншілер өзін-өзі құтқару құрылғыларына қосылып үлгермей қалған, - деді "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС Қарағанды филиалы директорының орынбасары Жұмат Өкенов.
Апат орнында үйінділер мен құлаулар жоқ.
Үшінші қарашада сағат 03:03-те Ленин атындағы шахтада газды дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен метан шығарылды. Апат кезінде жер астында 106 адам болған. 101 эвакуацияланды. Бес адам қаза тауып, төртеуі зардап шекті.