Түркияда Қазақстан құтқарушылары жүргізген іздестіру-құтқару жұмыстары туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясына Мирта атты ит те келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Модератор сұрақ-жауапқа көшпес бұрын төбетті «Түркияда 3 адамды құтқарған Мирта атты неміс овчаркасы» деп таныстырып өтті.
Біздің қызметтік иттердің көп көмегі болды деп айта аламыз. Оларды Түркияның бұқаралық ақпарат құралдары да көрсетіп, ризашылықтарын айтып жатыр. Түркияға алты арнайы ит алып барғанбыз. Олардың дайындықтарының арқасында адамдар табылды, - деді Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев.
Оның айтуынша, Қазақстанның кинологиялық есептоптары іздеу-құтқару жұмыстарында Түркия құтқарушыларына да жәрдемдескен. Құтқарушы иттер арасында Миртадан басқа бельгиялық малинуа Джейкоб, Лига М Сириус және Аксель, Лабрадор Чарли Кинг, Гринпис есімді бордер колли нұсқаушылармен бірге бірнеше күн бойы қираған нысандарда жұмыс істеді.
Сондай-ақ баспасөз конференциясында Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев журналист сұрағына республика бойынша әр облыстағы құтқару жасақтарында орташа есеппен 6-7 арнайы іздеу иттері бар екенін айтты.