Бүгін Қарағанды облысында құтқарушы иттердің аттестациядан өту кезеңі басталды. Сертификаттық сынақтарға Қарағанды және Ұлытау облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерінің, сондай-ақ ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінің кинологиялық жасақтары қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашқы кезең – «Тыңдау және шеберлік» байқауы. Бұл кезеңде ит-құтқарушылар кинологтардың бұйрықтарын дәл орындау, тәртіптілік, басқарылу мен физикалық дайындық деңгейін көрсету арқылы бағаланды.
Келесі кезеңдерде құтқарушы иттер орман ішінде және техногендік үйінділер астында адамдарды іздеу тапсырмаларын орындайды.
Әр кезең арнайы қазылар алқасының қатаң бағалауымен өтеді – бір кезеңнен өте алмаған иттерге аттестация берілмейді.
Бұл сынақтар құтқарушы иттердің кәсіби дайындығын тексеріп қана қоймай, төтенше жағдай кезінде нақты құтқару операцияларына қатысуға жарамдылығын айқындайды.